Ыстамбұлда Украина мен Ресей делегацияларының келіссөздері ертең де жалғасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ыстамбұлда Украина мен Ресей делегацияларының келіссөздері ертең де жалғасады

29.03.2022

Ыстамбұлда Украина мен Ресей делегацияларының келіссөздері әлі де жалғасып жатыр. Жиын басталмас бұрын тараптар Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесті. Келіссөздер екі делегацияның басшылары Давид Арахамия мен Владимир Мединскийдің жеке кездесуінен басталды. Одан кейін тараптар кең құрамда жиналып, жабық есік жағдайында күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға көшті.

Екі жақтың да бір біріне қояр талаптары алдыңғы келіссөздердегіден өзгермеген. Яғни Украина ең алдымен қоршаудағы қалаларға гуманитарлық дәліз ашуды, сосын соғысты дереу тоқтатып, Ресей әскерінің елден шығарылуын талап етсе, Ресей жағы Қырымды Ресей аумағы ретінде және Донбастың дербестігін мойындауды, сондай-ақ Украинаның ешқандай әскери ұйымға мүше болмауын міндеттеп отыр. Сарапшылар бүгінгі жиында тараптар маңызды келісімдерге келуі мүмкін екенін де болжауда. Себебі соғыстың ұзауы екі жаққа да тиімсіз. Қазақстан уақыты бойынша сағат 18.00-де келіссөздердің алдын ала қорытындысы туралы арнайы брифинг өтеді деп жоспарлануда. Ал екіжақты келіссөздер ертең де жалғаспақ. 

Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу