Ресей әскері көп шығынға ұшырап, Киев облысынан кетуге мәжбүр. Мұны Украина Бас штабы хабарлады. Оның дерегінше, екі ресейлік тактикалық топ батальоны Беларуське әкетілген. Және де Ресейден Украина аумағына армиялық бөлімшелер енгізу қарқыны айтарлықтай төмендеді. Бірер күн бұрын Кремль мәлімдегендей, Ресей қарулы күштері енді Украинаның шығысындағы Донбасс аймағына ойыспақ. Мәскеу жақында Киевтен мұндағы Луганкс және Донецк облыстарының тәуелсіздігін мойындауды талап еткені белгілі.
«Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, Ресей Чернобыль АЭС-нің қасындағы Славутич қаласынан да кетті. Бұған жергілікті халықтың жаппай шеруге шығып, қарсылық білдіруі себеп. Ал, Киев Экономика мектебінің зерттеуіне қарағанда, қарулы қақтығыстардан Украина инфрақұрылымына 63 миллиард доллар шығын келген.
Айта кетсек, осы аптада Киев пен Мәскеу делегаттары келіссөздердің төртінші раундын Түркияда өткізбек. Онда президент Владимир Зеленский елінің тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын сақтауды талап етпек.
Арыстан Рысбек