Украина басшысы Владимир Зеленский елінің бейтараптық мәртебесін талқылауға дайын. Дегенмен, президенттің ескертуінше, Украинаның нейтралитеті туралы мәселе халықтық референдумға салынып, оған үшінші жақтан кепілдік берілуі керек.
Мұны Зеленский ресейлік тәуелсіз журналистермен өткен сұхбатта мәлімдеді. Киев пен Мәскеу делегаттарының бетпе-бет келіссөзі осы аптада Түркияда өтеді. Тағы бір сөзінде Украина лидері Донбасстағы орыстілділер мекендейтін аудандарды күшпен қайтару ниеті жоқ екенін айтып, бейбіт келісімге Ресей әскері шығарылғанда ғана қол қоятынын мәлімдеді. Бұған қоса, ол еліне танкілер мен әскери ұшақтарын бермей отырған Батысты қорқақтық үшін айыптады.
Жергілікті барлаушылардың сөзінше, Мәскеу қазір Украинаны Оңтүстік және Солтүстік Корея тәрізді екіге бөлуді көздеп отыр. Айта кетсек, Ресей армиясы көптеген майдан шептерінде тоқтап, Киевті алу жоспарын жүзеге асыра алмады. Дегенмен, бірер күн бұрын Кремль мәлімдегендей, Ресей қарулы күштері енді Украинаның шығысындағы Донбасс аймағына ойыспақ. Мәскеу жақында Киевтен мұндағы Луганкс және Донецк облыстарының тәуелсіздігін мойындауды талап еткені белгілі.
Арыстан Рысбек