Заңсыз құрылыс тоқтатылсын. Біздің арнамызға осындай шағыммен елордалық тұрғындар хабарласты. Бас қаланың жаңа ауданында көпқабатты үйдің дәл іргесінен жаңа ғимарат бой көтере бастаған. Компания құрылыс ережелерін елемей, екі үй арасында болуы тиіс 20 метр қашықтықты сақтамай отыр. Ол аздай, салынып болған тұрғын үйдің бордюрларын алып тастап, жаяу жүргіншілерге арналған жолды тартып алған.
Альбина Әшім, тілші:
Өзгенің жерін заңсыз тартып алу. Тек өз мүддесін ойлау. Көршіге келіп тұрған залалды да елемеу. Бас қаланың сол жағалауындағы мына ауданда құрылысқа қатысты айтыс-тартыс басталғалы 1 жыл. Мына үй 2018 жылы бой көтерген. Жанынан шағын ғана ғимарат салынуы тиіс. Бірақ берілген уәденің кейде орындалмайтынына соңғы кезде куә болып жүрміз. Мына құрылыс компаниясы тұрғын үй сала бастаған. Жер жетпегендіктен, жаяу жүргіншілерге арналған аумақты да басып алған.
Тіпті, паркингке апаратын жолды басып алған. Салдарынан пәтер иелері көліктерімен өздеріне тиесілі жер асты тұрағына да кіре алмайды. Жаяу жүру де қауіпті. Екі үйдің арасы алты-ақ метр. Ал талап бойынша кемі 20 метр болуы тиіс.
Жанар Атанбаева, қала тұрғыны:
Сол кезде айтқан бізге Сбербанк болады деп. Қазір 3 метр жерімізді алып, мына жерге не жедел-жәрдем кіре алмайды. Не өрт сөндірушілер кіре алмайды. Бала-шағамызбен Сығанақтан коляскамен өтеміз. Біз енді велосипедпен жүру керекпіз бе?
Альмира Марден, қала тұрғыны:
Белгісіз бір мекеме. Өздері де салып жатқан алғашқы тұрғын үй екенін айтып отыр. Бұдан бөлек, біз кранға байланысты шағымданғанбыз. Үнемі біздің үйдің төбесінде тұрады. Қауіп төндіреді. Былтыр күзде бір рет құлады. Бұл факт тіркелген. Дәл шлагбаумға құлаған еді. Ал адамға, не көлікке құласа, не болар еді?
«Гринпарк» үйінің тұрғындары бұл мәселе бойынша қала әкімдігіне де, прокуратураға да шағымданған. Бірақ жауап жоқ. «Төртінші билік» деген құзыретімізді пайдаланып, Сәулет-құрылыс бақылау басқармасына сұрау салдық. Мекеме құрылыстың талап бұзғанын мойындап, тексеріс жүргізілетінін мәлімдеді.
Эльмира Алагөзова, Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары:
Иә, олар басып алған. Ол дәлелденді, анықталды. Жоспардан тыс тексеріс ұйымдастырылады. Қазіргі таңда Нұр-сұлтан қаласы әкімдігінің атына жазбаша жаздық. Қалай шешім қабылданады, тексеріс ұйымдастырып, «А груп девелопмент»-ке нұсқама беріліп, бәрі орнына келтіріледі.
Заңды белден басқан астаналық «А-груп девелопмент» құрылыс компаниясын қандай жаза күтіп тұрғаны әзірге белгісіз. Бас қалада дәл осындай заңсыз құрылыстың қаншалықты көп екені де беймәлім.
Есесіне, Алматыда тұрғындардың шағымы бойынша салынып жатқан 12 қабатты үй сүріледі. Қала құрылысын бақылау басқармасы бірқатар заңсыздықты анықтап, сот осындай шешім қабылдаған. 2,5 миллион доллар шығын шығарған компанияның үйлері жермен жексен болады. Бұл – өзгелерге сабақ. Атап өтерлігі, Алматыда заңсыз тұрғызылып жатқан 19 нысанның құрылыс тоқтатылған.
Бұған наурыздың 6-сы күні мемлекет басшысының Нұр-Сұлтан мен Алматының әкімдеріне тұрғын үй кешендерінің жанынан биік үйлерді тығыз салуды тоқтату туралы тапсырмасы түрткі болды.
Ал бас қаланың құрылыс компаниялары қашан құлақ асады? Айтпақшы, көрші үйдің жерін басып алып, құрылыс бастаған компания үйді Флориданың жәннат қаласының атауын бермекші екен. Бірақ Майами болмас бұрын, бізге ми керек-ау...
Альбина Әшім