Қазақстан – Молдова: Екінші кездесу 29 наурыз күні «Астана Арена» стадионында өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан – Молдова: Екінші кездесу 29 наурыз күні «Астана Арена» стадионында өтеді

25.03.2022

Футболдан UEFA Ұлттар лигасы өтпелі сатысының алғашқы ойынында Қазақстан құрамасы Молдованы жеңді. Жасыл алаңда қос құрама да белсенділік танытты. Алғашқы минуттарда қазақстандықтардың гол соғатын бірнеше мүмкіндігі болды. Бірақ есепті алаң иелері ашты. Қазақстандық Сергей Малый 63-минутта гол соғып, таразы басын теңестірді. Ал 79-минутта алаң иелері сапынан Вячеслав Посмак өзінің қақпасына гол соғып алды. Есеп - 2:1. Осылайша ел құрамасы кешегі кездесуде жеңіске жетті.

Ерсін Ерік, спорт комментаторы:

Кешегі жеңіс Ұлттық құрама үшін өте маңызды. Өйткені Ұлттар лигасында «С» лигасына берілетін жолдама. Сондықтан Молдованы сырт алаңда жеңу – үлкен басымдық. Енді жауапты қарымта ойын.

Қазақстан құрамасы сапында Шацкий, Сүйімбаев, Әліп, Малый, Быстров, Нәрзілдаев, Тағыберген, Васильев, Зайнутдинов сынды ойыншылар алаңда жақсы ойын өрнегін көрсетті. Футболсүйер қауым енді елдегі кездесуде жерлестеріміз жетістікті еселейді деген үмітте.

Айта кетейік, екі құрама 29 наурызда елордада қарымта ойын өткізеді. Жеңімпаз құрама алдағы кезеңде «С» лигасындағы орнын сақтап қалса, жеңілген команда «Д» лигасына түседі.

Уалихан Қосанбай, спорт комментаторы:

Өз алаңымызда жанкүйерлер жақсы қолдайды деген үміт бар. Оның үстіне «Астана Аренадағы» алаңы да біздің спортшыларға көмек болады деген сенім бар. Жалпы, екі ойынның қорытындысы бойынша біздің ұжым жеңіске жетіп, келесі кезеңге шығады деп ойлаймын.

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу