Ирак Елекеев: Ар-намысы бар азаматтар Конституциялық сотқа мүше болуы керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ирак Елекеев: Ар-намысы бар азаматтар Конституциялық сотқа мүше болуы керек

20.03.2022

Азаптауға байланысты қылмыстарды тергеу ісінде нақты жауапты бір орган жоқ. Мұндай жағдай белгілі бір тәуекелдер туындатуы мүмкін. Сондықтан бұл құзыретті Бас прокуратураға беруді ұсынамын, - деді Президент. Сонымен бірге Конституциялық сот құрылады. Бұрын болған. 1999 жылы жойылған. Содан бері азаматтар конституциялық құқы тапталған кезде «Құрметті Президент мырза!» деп басталатын шағымдарын Ақордаға жөнелтеді. Конституциялық сот қалпына келсе, құқы тапталып, әбден шаршағандар және шаршайтындар арнайы сотқа жүгіне алады. Қазіргі Конституциялық кеңеске Президент пен Мәжіліс ғана сұрау жібере алады және оның шешімі орындалуы міндет шешімге жатпайды. Рекомендация дейді ғой, сондай. Ал соттың шешімін орындау - міндет. Данияр Қайыртай талдайды. 

Қаңтар оқиғаларынан кейін қамауға алынғандарды азаптау фактілері бойынша 243 қылмыстық іс қозғалған. Соның 234-ін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеп жатыр. Қалған 9-ы ғана арнайы прокурорлардың тергеуіне алынған. Енді азаптауларға байланысты қылмысты тергеу құзіреті басыбайлы Бас прокуратураға берілуі мүмкін. Сонда құқық қорғау саласындағы бассыздықтар жазасыз қалмайды, - деді Президент жаңа Жолдауында.

Марат Бәшімов, Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры:

Азаптаулар мәселесімен Бас прокуратура бақылауы керек деген нәрсені арнайы айтты. Президент жолдауында адам құқығы, Конституцияның үстемдігі бірінші орында тұр. Конституциялық сот деген адам құқықтарын қорғайтын ең жоғарғы инстанция болып тұр ғой.

Азап көрген, заңсыз жала жабылған, әділетсіздікке тап болған, қысқасы құқығы тапталған кез келген азамат арыздана алатын Конституциялық сот дейтін орган қайта құрылады.

Ирак Елекеев, ҚР Жоғарғы соты және әділет құрылымдарының бұрынғы қызметкері, экс-депутат:

Бұрын Конституциялық сот бізде болған. Одан кейін билік пен Жоғарғы кеңес арасында текетірес басталғаннан кейін ол Конституциялық сотты жойды. Осыған байланысты біз Франция елінен Конституциялық кеңес деген құрылымның жобасын алдық. Бірақ Конституциялық соттың ерекшелігі неде? Бұл қабылданған заңдарды заңсыз не заңды деп табатын мүмкіндігі бар. Ол Президент қол қойған заңдарға дейін бұза алады, Президент шығарған жарлықты да бұзуға құқы бар.

Демек мұндай орган – институционалдық тепе-теңдік орнауына сеп. Тек құрылымын жасақтағанда сақ болу керек. Әрі төрағасы мен мүшелері партия қатарында болмауға тиіс.

Ирак Елекеев, ҚР Жоғарғы соты және әділет құрылымдарының бұрынғы қызметкері, экс-депутат:

Мүшелері, болашақ төрағасы кім болады, кім шешеді, әлі де сол Президент шеше ме, меніңше ол дұрыс болмайды. Оны сайлау керек. Көп болса, 9 адам, 7 адам болуы мүмкін. Одан көп болмайтын шығар деп ойлаймын. Ар-намысы бар азаматтар Конституциялық сотқа мүше болуы керек. Белгілі тұлға Қазақстанға және заңгер болуы міндет емес. Ең үлкен мәселе бұл жердегі – басқа биліктің тармақтары тартпауы керек өз жағына.

Конституциялық сотқа Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкіл де арыздана алмақ. Ал заң әзірлеушілер ендігіде алды-артын ойлай бастайды. Себебі желкесінен Конституциялық сот қарап тұр ғой. Сол сот болмаған 27 жылда Ата заңға сәйкеспейтін заңдар қабылданып кеткенін айтады, Ирак Елекеев.

Ирак Елекеев, ҚР Жоғарғы соты және әділет құрылымдарының бұрынғы қызметкері, экс-депутат:

Мысал ретінде айтайын, Конституцияда жазылған «сен сайлана аласың және сайлауға қатысуға мүмкіндігің бар». Ал бұл партиялар тізімін енгізгеннен кейін бұл бап орындалмай қалды. Міне, осыны егер Конституциялық сот болған кезде айтар еді, «Әй, мына қабылдаған заңдарыңыз Конституцияға сәйкес емес, сондықтан оны бұзу керек» деп шешім шығарар еді.

Ал Есеп комитетінің орнына құрылатын Жоғары аудит палатасы депутаттар алдында жылына екі рет есеп беріп отырады.

Омархан Өксікбаев, экономист, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің бұрынғы төрағасы (2003-2012жж):

Екі рет есеп бергенмен ғана емес, менің көзқарасым, бұл органды тікелей Парламентке бағындырса да болар еді. Онда Парламенттің ақпарат алуы, бюджетті бақылау саласындағы қызметі артқан болар еді. Ол не үшін керек? Себебі Парламент бюджетті бекітеді. Сол бюджеттің орындалуы қалай, атқарылуы қалай, қаржысының игерілуі қалай, қаншалықты сапалы және тиімді игеріліп жатыр, соның бәрін ол біліп отыруы керек. Бюджет жобасын қарайтын кезде, бюджетті нақтылайтын кезде ол толыққанды әр депутат өз бағасын беруге мүмкіндігі туады.

Есеп комитетіне 2 жыл мүше болып, кейін 9 жыл осы ведомствоны басқарған Омархан Өксікбаев жаңа палата мемлекет қаржысын барлық деңгейде тексеруге құзырлы болуы керек, - дейді.

Омархан Өксікбаев, экономист, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің бұрынғы төрағасы (2003-2012жж):

Ескі функциясында ол тек қана шектеулі жұмыс жасап, республикалық бюджеттің деңгейінен аспай қалды. Ал бүгінгі таңда өздеріңіз білесіздер, ұлттық қор бар, басқа да қорлар ашылып жатыр, одан тысқары бізде қазір бюджеттің өзі 4 деңгейлі болып кетті – ауыл бюджеті бар, аудан бюджеті, облыс бюджеті және республикалық бюджет бар. Осы бюджеттің бәрі бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста. Қаржы сапырылысы дұрыс бақылауды талап ететін мәселе.

Яғни өңірлер республикалық бюджеттен субвенция алады немесе керісінше донор болады. Сөйте тұра олардың бюджетіне Есеп комитеті тікелей аудит жасай алмайды. Өйткені әр өңірде өз Тексеру комиссиясы бар.

Омархан Өксікбаев, экономист, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің бұрынғы төрағасы(2003-2012жж):

Бізде облыстық деңгейде Сыртқы қаржылық бақылау Тексеру комиссиясы деген бар. Сол Тексеру комиссиялары облыстық және одан төменгі бюджеттерге сыртқы бақылау органы болып саналады. Мүмкін болашақта сол институтты тікелей сол Жоғарғы аудит палатасына бағындыратын болса, сонда вертикалды бүкіл бюджетті бақылау жоғарғы қаржы бақылау институтының функциясы болады.

Омархан Өксікбаев Жоғары аудит палатасының функциясын кеңейту үшін тағы бір ұсыныс айтты.

Омархан Өксікбаев, экономист, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің бұрынғы төрағасы(2003-2012жж):

Бізде қазір бюджеттің шығысын ғана аудит жасау мәселесі қолға алынған, ал енді ішкі кірісін, оны болжау және оның толықтығын бақылау мәселесі назардан тыс қалып тұр. Оны тек атқарушы билік қана жасайды. Ал сыртқы қаржылық бақылау жүйесі ол мәселені жасап отырған жоқ. Осы жерде жаңа Жоғарғы аудит палатасына осы функцияны қоса беріп және соны талап етіп отыру керек деп ойлаймын.

Тағы бір жаңа құрылым – Ұлттық құрылтай. Ол үш жылдай бұрын құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жалпыхалықтық деңгейдегі жалғасы. Оның айналасына қазіргі қоғамдық кеңестердің бәрі топтастырылмақ.

Алуа Жолдыбалина, ҚСЗИ директорының орынбасары:

Ұлттық құрылтай кішкене кеңірек аясы. Біріншіден, аймақтар әр түрлі ғой, аймақтардың проблемасы әр түрлі. Соны жеткізе білу үшін аймақтардан өкілдер көбірек болады. Сосын ұлттық құрылтай саяси реформалар деген сияқты мәселемен шектелмейді, ол барлық саланы қамтуы мүмкін. Ол мәдениет, білім беру, өнер болуы мүмкін.

Данияр Қайыртай, тілші:

Жаңа орган ашу, атауын ауыстырып, құзіретін кеңейту – біздің мемлекет үшін үйреншікті іс болып көрінгенімен, жауаптылардың мойнына ауқымды жұмыс жүктейтін тәрізді. Президент жолдаудағы бастамаларды жүзеге асыру үшін Конституцияның 30-дан астам бабын өзгертіп, 20-дан астам заң қабылдау қажет екенін ескертті. Қай құрылымның қандай болатыны, қалай жасақталатыны, қызметтері мен міндеттері сонда жазылады. Біздің уақыт шын мәнінде трансформация уақыты бола ма, жоқ әлде мүмкіндікті жіберіп алған кезең бола ма? Президент «Маңызды шешімдер жұртшылықтың қатысуымен ашық қабылданады» деді және «түрлі пікір, бірақ біртұтас ұлт» қағидаты туралы айтты. Осыдан айнымаса, онда үміт бар. Рас, бақытты өмірді ертең емес, бүгін сүруді ойламайтын адам жоқ.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу