Елімізде бұдан былай жаңа үш облыс пайда болады. Халыққа арнаған Жолдауында Президент Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын құруды тапсырды. Бұл көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе, - деді Мемлекет басшысы. Өйткені кезінде облыс мәртебесінен айырылған аймақтардың қазіргі жағдайы мәз емес. Тұрғын саны азайып, тұрмыс сапасы төмендеп кеткен. Енді облыс орталығы мәртебесін алған соң дамудың жаңа жолына түспек.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміздің бірнеше облысы біріктірілді. Өйткені сол кездегі саяси, экономикалық ахуал күрделі еді. Ал қазір дамудың келесі кезеңіне қадам бастық. Әлеуметтік-экономикалық қана емес, демографиялық жағдай мен қоғамның талабы өзгерді. Осыны ескерген президент үш бірдей жаңа облыс құруды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ең алдымен Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады. Осы мәселені аймақ тұрғындары көптен бері айтып жүргенін білемін. Қазір ол жақта шешімін таппаған түйткілдер көп. Мысалы, аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден ескірген.
Иә, кезінде Алаш арыстарының басын қосқан Семейдің жағдайы мәз емес. Сондықтан тарихи әділдік орнатып, ұлылар дүниеге келген киелі мекенді қайта жаңғыртуымыз керек деді, - Президент. Сүйіншілейтін тағы бір жаңалық: Бұрынғы Жезқазған аумағында Ұлытау облысы пайда болады. Үш жүздің басы бірігіп, алты алаштың тағдыры шешілген аймақтың орталығы Жезқазған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім. Кең байтақ қазақ жерінің дәл жүрегінде орналасқан Ұлытаудың төл тарихымыздағы орны ерекше. Ел тағдыры шешілген ұлы жиындар осында өткен. Сарыарқаның төрінде орналасқан бұл аймақтың туристік әлеуеті өте зор.
Тарихы терең Ұлытаудың өндірістік қуаты мен логистикалық әлеуеті де мол. Ендігі міндет мұны ұтымды пайдаланып, аймақты дамыту.
Бұдан бөлек, Алматы агломерациясына қатысты да мәселе көп. Облыс азаматтары негізінен қала төңірегінде шоғырланған. Яғни Ұзынағаш немесе Талғардағы мәселені шешу үшін сонау Талдықорғанға бару тиімсіз. Жол алыс. Сол үшін Алматы облысы екіге бөлініп, Жетісу бөлек өңір болады. Оның орталығы Талдықорған. Ал Алматы облысыныкі Қапшағай.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қапшағай қаласы халқымыздың біртуар перзенті – Дінмұхамед Қонаевтың есімімен тығыз байланысты. Егер жұртшылық Қапшағайға Қонаевтың есімін беру керек деп ұсыныс айтса, мен бұл пікірге қосыламын. Мен мұның бәрін азаматтардың ұсыныс, пікірлеріне сүйеніп айтып отырмын.
Ал Алматы облысын екіге бөлу арқылы көптеген экономикалық және әлеуметтік мәселелер шешіледі. Аймаққа жаңа инвестиция тарту, шалғай аудандарды қалпына келтіру -- Жетісу өңіріне тың серпін беретіні анық.
Жанболат Жөргенбаев, Алматы облыстық мәслихатының хатшысы:
Талдықорған өңіріне жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесін, инвесторларды тарту мәселесі сияқты бір кешенді жоспарлар дайындалып жатыр. Оның бәріне әрине уақыт керек. Көш жүре түзеледі дейді ғой қазақ. Жасалып жатқан шаралардың барлығы іске асып жатқанда әрине болашақ Жетісу өңірі де жақсы бір үлкен облыстардың бірі болады деп есептеймін
Жалпы жаңа облыстардың құрылуы көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе. Бұл аймақтарды дамыту ісіне тың серпін береді. Ал қуатты өңір қуатты мемлекет.
Аманжол Алтай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Енді облыс статусын алып, облыс болып құрылғаннан кейін бұл аймақтардың тамырына қан жүгіреді деп ойлаймын. Экономикалық дамуы, әлеуметтік жағдайы көтеріледі деп ойлаймын. Тек қана әлеуметтік экономикалық жағдайы ғана емес, халықтың ұлттық намысы, ұлттық рухы биіктейді деп ойлаймын.
Досжан Маратұлы, тілші:
Бұл сөздің жаны бар әрине. Өйткені, Абайдың да, Ұлытау мен Жетісудың да қазақ үшін орыны бөлек. Бастысы жаңа өңірлер ешкімге жалтақтамай, қол созбай даму жолында әрекет етпек. Яғни тұрғын саны азайып, тұрмыс сапасы төмендеген өңірлерге жан бітеді деген сөз. Президент бұл істі Үкіметке асқан жауапкершілікпен атқаруды тапсырды.
Досжан Маратұлы