Ұлытау, Алматы, Абай, Жетісу облыстарының әкімдері тағайындалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлытау, Алматы, Абай, Жетісу облыстарының әкімдері тағайындалды

12.06.2022

Апта соңында Ұлытау, Алматы, Абай, Жетісу облыстарының әкімдері тағайындалды. Сондай-ақ Білім және ғылым министрлігі екіге бөлініп, ҚР Оқу-ағарту министрлігін Асхат Аймағамбетов басқарса, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі болып Саясат Нұрбек тағайындалды. Оның Мәжіліс депутаты болғанына небәрі 3 ай еді. Жаңа облыстарды басқаруға келгендердің ішінде де бұрынғы депутаттар бар. Мәселен, Берік Әбдіғалиұлы. Бұрынғы Мәжіліс депутаты - енді Ұлытау облысының әкімі. Ал бұрын Сенат депутаты болған Бейбіт Исабаев Жетісу өңіріне басшылық етеді. Бұған дейін Қаржы министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарған Марат Сұлтанғазиев Алматы облысының әкімі болды. Ал Абай өңірінің басшылығына бұған дейін елорданың Сәулет, қала құрылысы мен жер қатынастары басқармасына жетекшілік еткен Нұрлан Ұранхаев сайланды.

Атап өтерлігі, әр облысқа 2 кандидаттан ұсынылды. Өңірлердегі мәслихат депутаттары жаңа басшыларды дауыс беріп таңдады.

Ал Даниал Ахметов пен Жеңіс Қасымбек орындарында қалып, Шығыс Қазақстан мен Қарағанды облыстарын басқара береді. Атап өтерлігі, бұған дейін Алматы облысының әкімі болған Қанат Бозымбаев басқа қызметке ауысуына байланысты босатылғанымен, жаңа жұмыс орны әлі белгісіз.


Хабарламаларға жазылу