Жаңа облыстарды құру бойынша жұмыстар маусымда аяқталуы тиіс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңа облыстарды құру бойынша жұмыстар маусымда аяқталуы тиіс

18.03.2022

Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын құру бойынша ұйымдастыру жұмыстары бірінші жартыжылдықтың соңына дейін аяқталуы тиіс. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды. Қазір бізбен әріптесім Дарын Сағитов тікелей байланысты. Дарын, құрылатын аймақтарға қатысты тағы қандай тың ақпараттармен бөлісесіз?

Дарын Сағитов, тілші:

Ия, жиында айтылғандай, құрылатын 3 облысқа қатысты аумақтық бөлу мәселесі шешіліп жатыр. Президент Жарлықтары мен Үкімет қаулыларын әзірлеу және оларды қабылдау маусым айына жоспарланып отыр. Демек, әлі 2 айдан астам уақыт бар. Жаңа облыстардың шекаралары Президент Жарлығымен бекітіледі. Айта кетейін, кешенді жұмыстар аясында аймақтар мен республикалық маңызы бар қала әкімдері орынбасарларының санын шектеу де бар.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Жолдаудың негізгі басымдықтарының бірі – аймақтарды дамыту ісіне тың серпін беру. Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарының құрылуы осы өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа деңгейге көтеріп, жергілікті тұрғындардың проблемаларын жедел шешуге мүмкіндік береді. Осы ретте, Үкіметтің алдында Мемлекет басшысының тапсырмасын нәтижелі іске асыру міндеті тұр.

Жаңа облыстарды құру жұмыстарын жеделдету үшін Ұлттық экономика министрлігі мен жауапты органдарға 1 аптада тиісті Жол картасын енгізу тапсырылды. Өңірлерді қаржыландыру тәртібі қайта қаралып, бюджетаралық қатынастардың оңтайлы моделін әзірлеу қажет.Жаңа облыстарды құруға қажет қаражат есептеліп жатыр. Аймақ өкілдері жауапты ведомствомен байланыс орнатып, бірлесе жұмыс жүргізуде.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Бізде қажетті резерв бар. Қазіргі бюджеттің көлеміне сыйғызуға тырысамыз. Жаңа әкімшілік-аумақтық бірліктер пайда болады, штаттар саны бекітіледі. Мемлекет басшысының бастамасы болғандықтан, қажет болса республикалық бюджеттен қосымша ақша бөлінеді.

Премьер Үкімет мүшелеріне журналистермен тығыз байланыста жұмыс істеуді тапсырды. «Ашық жұмыс қана қоғамның сенімін қалыптастырады. Жолдаудың басым бағыттарын жүзеге асыру туралы тұрақты түрде хабардар таратып отыру қажет»,-деді Әлихан Смайылов. Президент «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңды қайта қарауды да тапсырған. Үкімет басшысы бұл құжатты журналистермен және сарапшылармен талқылай отырып, қабылдаумыз қажет, деді.


Хабарламаларға жазылу