Президент құзыры азайып, Парламенттің құзыреті артады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент құзыры азайып, Парламенттің құзыреті артады

16.03.2022

Жалпы Кемелұлы билікке келгелі саяси жүйе либерализациялана басталды. «Сайлау», «Саяси партиялар туралы» заңдар өзгерді. Парламенттік оппозиция институты енгізілді. «Бейбіт жиын туралы» заң қабылданды. Партиялық тізімдегі әйелдер мен жастар үлесі 30 пайызға жетті. Былтырдан бастап ауыл әкімдерін сайлау басталды. Саяси партиялардың Мәжіліске өту шегі 7-ден 5%-ға дейін төмендеді. Сайлау бюллетеньдеріне «барлығына қарсы» деген баған енгізілді. Бұл саяси реформалардың бір парасы ғана. Президент болса, бүгін тіпті саяси партияға мүше болудан да бас тартты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен Президенттің өкілеттік кезеңінде партияға мүшелігін тоқтату міндетін заңмен бекітуді ұсынамын. Бұл норма саяси бәсекелестікті арттырады. Барлық партиялардың дамуы үшін тең жағдайды қамтамасыз етеді. Біз осылайша болашақ ел басшыларының саяси институттарды өзіне бағынышты етуден құтыламыз. Осыны ескере отырып, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы мен, мүшелері, Есеп комитеті мен Конституциялық кеңес мүшелеріне партияға мүше болмауды заңмен бекітуіміз керек. Сонымен қатар әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында қызмет атқаруға заң жүзінде тыйым салу керек.

Бір адамның шексіз билікке ие болуы керітартпалық кесірге душар етеді. Азаттықтың алғашқы жылдарында қажет болған бұл жүйеден енді іргені алыс салу керек. Мұны қазіргі геосаяси ахуал, қаңтар қасіреті мен уақыттың өзі талап етіп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мемлекет басшысы барлық азаматтардың теңдігі мен мүмкіндіктеріне бірдей кепіл болуы тиіс. Сондықтан Президенттің жақын туыстарына мемлекеттік саяси лауазымды қызметтер мен квазимемлекеттік секторда басшылық қызметке тұруына заңмен тыйым салу керек. Тіпті бұл норманы Ата заңға енгізсек те артық болмайды.

Біздің елде Президент пәрмен бермей, іс тынбайтын шабан әдет қалыптасқан. Бұл дұрыс емес. Рас, аймақтар мен республикалық маңызы бар қала әкімдерінің әрекетін кейде қолмен басқаруға тура келеді. Бірақ, ауыл ішіндегі шаруаға дейін Президентті араластыру артық дүние.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазір тіпті аудан, ауыл әкімдерін қызметтен алу ісін Президентке артып қойған. Мұндай құзыреттерді қысқарту қажет. Президенттің басы артық құзыреттен арылуы елдің саяси жаңғыруына оң ықпал етеді. Әрі бұл ұсыныс қалыптасқан ойын ережесін өзгертіп, демократиялық қоғамның негізін қалауға бастама болады.

Осылайша Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып, Парламенттің рөлін арттыру көзделіп отыр. Сол арқылы елімізде өкілді билік тармағын нығайту керек. Бұл ретте Парламенттегі өзгерістер алдымен Сенаттан басталатын болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен Сенатқа Президент тағайындайтын 15 депутаттың санын 10-ға дейін қысқарту туралы шешім қабылдадым. Ал ол оның бесеуі бұрынғыдай Ассамблеяның сайлауымен емес, ұсынысымен тағайындалады. Төменгі палата болса, жасанды артықшылықтан арылып, бүкіл сайлаушылардың мүддесіне жұмыс істеуі тиіс. Осылайша Мәжілістегі Қазақстан халқы Ассамблеясына берілетін квоталар жойылады. Меніңше бұл саяси және заңдық тұрғыдан дұрыс шешім. Ассамблеяның Мәжілістегі квотасы Сенатқа беріледі де соның қатары 9-дан 5-ке дейін қысқарады.

Қазіргі қоғамда екі палаталы Парламенттің қажеті қанша деген мәселенің бары рас. Халық саны қазақ елінен аз елдерде де екі палаталы парламенттердің барын ескерген Президент бұл сенімсіздікке қатысты жүйенің реформаланатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сенат өңірлердің мүддесін қорғайтын палатаға айналуы тиіс. Бұл құзырет те реформалауды талап етеді. Ата заңға сай біздің Сенат Мәжіліс бекіткен заңды қабылдаймыз ба, жоқ па деген құқыққа ие. Яғни, Мәжілістің Жоғарғы палатаға қарсылық танытатын құзыры жоқ. Сондықтан тепе-теңдікті сақтау үшін бұл тәжірибені қайта қарау керек.

Конституциялық кеңес пен Жоғарғы сот кеңесінің төрағалығына келісім беру құзыры қосымша Сенатқа жүктеледі. Бұл жаңашылыдық саяси жүйедегі қарама қайшылықтарды реттеуіге ықпал етеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Елімізде көптеген ауқымды жобалар, бағдарламалар бар. Бірақ, түрлі себептерге байланысты оларды жүзеге асыру барысы көңіл көншітпейді. Сондықтан, Парламент республикалық бюджеттің сапалы орындалуына бақылауды күшейтуі қажет. Осы орайда, Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құруды ұсынамын. Оның төрағасы Мәжіліс депутаттары алдында жылына екі рет есеп беруге тиіс. Осылайша, Мәжілістің мәртебесі арта түседі.

Бұдан былай облыстар мен республикалық қалалардың әкімі болуға кем дегенде екі кандидат ұсынылады. Бастама заңмен бекиді. Осылайша Президент әкімдерді мәслихаттардың шешімінен кейін тағайындайды. Баламалы сайлау іспетті бұл тәсіл жергілікті мәслихаттардың да жауапкершілігін арттырады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн. Мықты мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады. Олардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін Мәслихат төрағасы лауазымын енгізген жөн. Сондай-ақ, мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту қажет деп санаймын.

Президент бүгінгі Жолдауда көбік сөзді қойып, нақты іске көшетін кездің келгенін шегелеп тұрып айтты. Қысқасы саяси реформаларға қатысты Тоқаев айтқан тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ендігіде Жаңа қазақстан - жалаң, жалған Қазақстан деген қасаң қалыпқа мүлдем сыймайды!

Айбек Қобдабай

Хабарламаларға жазылу