Украина мен Ресей арасындағы келіссөздердің төртінші раунды нәтижесіз аяқталды. Зеленскийдің мәлімдеуінше, жиын бүгін Түркияда жалғасады. Соңғы ақпаратқа сай, Мариуполь қаласынан жүздеген тұрғын гуманитарлық дәліз арқылы шықты. Ондаған мың адам әлі де сусыз, жарықсыз, азық-түліксіз отыр. 100 тоннадай гуманитарлық көмекті қалаға жеткізу мүмкін болмай тұр. Ал Донецкіге зымыран құлап, 20 бейбіт тұрғын қаза тапқан. Украина бұл снаряд Ресейге тиесілі деп мәлімдеді. Ал Ресей қорғаныс министрлігі шабуылға Украинаны айыптап, жауап ретінде елдің қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарын нысанаға алатынын мәлімдеді. Зеленский болса, әскери жағдай режимін бір айға созу туралы заң жобасын Жоғарғы Радаға жіберді.
Ресейдің Украинаға басып кіруіне қарсы жаңа санкциялар жарияланып жатыр. Жапония 17 тұлғаны тізімге қосты. Олардың арасында Ресей коммунистік партиясының лидері Геннадий Зюганов бар.
АҚШ санкциялық тізімді Ресейдің жоғары лауазымды 11 әскери шенеунігімен толықтырды. Мемлекеттік департаменттің мәлімдеуінше, арасында Росгвардия басшысы Виктор Золотов бар.
Еуроодақ Ресейге қарсы санкциялардың төртінші легін құптады. Оған сай, Ресей одақ елдерімен саудадағы басымдықтарынан айырылады. Мәскеуге криптовалютаны қолдануға тыйым салынады. Еуропа елдері Ресейге бағалы заттарды экспорттауды тоқтатады. Бұған қоса, Еуроодақ Ресейді Халықаралық валюта қорына және Дүниежүзілік банкке мүшелік ету құқығынан айыруды қарастырып жатыр.
Арай Төлегенқызы