Украинаның Васильков қаласында оқ-дәрі қоймасы өртенді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинаның Васильков қаласында оқ-дәрі қоймасы өртенді

12.03.2022

Украинада әскери қақтығыс жалғасып жатыр. Ресейлік күштер елдің бірнеше қаласына зымырандардан оқ жаудырған. Васильков қаласында аэродромға әуеден соққы беріліп, оқ-дәрі қоймасы өртенді. АҚШ, ЕуроОдақ елдері Ресейге қарсы санкцияларды күшейтті.

Әскери қақтығыс жалғасып жатыр

Украинадағы әскери қақтығыс 17-ші күнге ұласты. Елдің бірнеше қаласында түні бойы және таңертең әуе дабылы қосылып, жарылыс жаңғырығы естілген. Киев, Чернигов, Николаев, Суми тәрізді бірнеше қалаға снаряд жаудырылды. Васильковта әскери аэродром зымырандармен атқыланып, оқ-дәрі қоймасын өрт шарпыды. Соңғы мәліметтерге сай, Донецк пен Мариуполь арасындағы Волноваха қаласы ресейлік күштердің бақылауына өткен. Бұл ақпаратты Киев те, Мәскеу де растады. Ал қоршаудағы Мариупольге жарты сағат сайын оқ жаудырылып жатыр.

Владимир Зеленский, Украина Президенті:

Мариуполь жаудың қоршауында. Ресейлік күштер гуманитарлық дәліздердің жұмысына кедергі келтіріп, қалаға гуманитарлық көмек кіргізу мүмкін болмай жатыр. Бұған қарамастан, 7114 адамды эвакуацияладық.

Зеленский тұтқынға түскен ресейлік сарбаздардың саны көбейгенін айтады. "Би-Би-Си"-дің дерегінше, олардың қатары 700-ге жетті. Украина президенті әскери тұтқындармен жұмыс істеу үшін үйлестіру штабы құрылғанын мәлімдеді. Ал, Ресей қорғаныс министрлігінің мәліметінше, елдің қарулы күштері Украинада 3 мың 400 жүзден астам әскери инфрақұрылым нысанын істен шығарып, бірнеше елді мекенді бақылауға алған. Украина Ресейді азаматтық нысандарға соққы берді деп айыптап отыр. Ал Мәскеу мұны жоққа шығарып, тек әскери объектілерді нысанаға алғанын мәлімдеді.

Батыс елдері Ресейдің Украинадағы әрекетіне қарсы санкцияларды күшейте түсті. АҚШ президенті Джо Байден Ресей Федерациясына долларлық банкноттарды экспорттауға, реэкспорттауға, сатуға тыйым салды. Ал бұған құлақ аспағандар АҚШ-тың санкцияларына ілігеді.

Бельгия

Сонымен бірге Еуроодақтың 27 елі Ресейге қарсы санкциялардың төртінші легін жарияламақ. Оған сай, Мәскеу бұл елдермен сауда саласындағы басымдықтарынан айырылады. Санкциялардың бір бөлігі ресейлік элитаға қарсы бағытталса, екіншісі елдің криптовалютаны пайдалануын шектейді. Сонымен бірге Еуропа елдерінен Ресейге бағалы заттарды экспорттауға, ал Ресейден болат және қара металлургия импорттауға тыйым салынбақ.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу