Қаңтар қақтығысы кезінде бизнесіне залал келген кәсіпкерлердің кейбірі өз ісін жолға қоя алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаңтар қақтығысы кезінде бизнесіне залал келген кәсіпкерлердің кейбірі өз ісін жолға қоя алмай отыр

12.03.2022

Қаңтар қақтығысы кезінде бизнесіне залал келген кәсіпкерлердің кейбірі өз ісін жолға қоя алмай отыр. Шығыны әлі күнге өтелмеген азаматтар Ұлттық арнаға хабарласып көмек сұрады. Алматы қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы өтініштердің екі жүзден астамы қайта пысықтауға, өзгелері сот сараптамасына жіберілгенін айтады.

Зұпар Мырзахметовтің Алматыда 7 бірдей зергерлік дүкені болған. Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік кезінде бұзақылар олардың барлығын тонап кеткен. Келген шығын көлемі 200 млн теңгеден асып жығылады. Қазір құжттарын жинап, тиісті мекемелерге өткізген кәсіпкер өтемақы төлеу жүйесінің кейбір тұстарына шағымданып отыр.

Зұпар Мырзахметов , кәсіпкер:

Бізге өтемақы алудың екі жолын ұсынды. Жеңілдетілген және сот сараптамасы арқылы. Жеңілдетілген түрінде құжаттардың болғанына қарамастан айлық тауар айналымы ескеріледі. Ал, зергерлік дүкенінде айлық тауар айналымы деген ұғым жоқ. Әшекейлер жылдап сатылуы мүмкін. Сондықтан сот сараптамасы арқылы құжаттарымызды өткіздік. Оның нәтижесі 30 күнде белгілі болады.

1 ай күту ұзақ деп отыр кәсіпкер. Өйткені ес жиып, ісін қайта бастауға да біраз уақыт кететінін айтады. Оған қоса бұрын дүкенде қызмет еткен 35-ке жуық адам қазір жұмыссыз отыр.

Ал, мына өртеніп, түгі қалмаған нысанда қаңтар оқиғасына дейін тұмысқа қажетті заттар сатылған. Дүкен иесі құжаттарын жинап, тиісті мекемелерге жүгінгенімен шығынын толық дәлелдей алмаған.

Наталья Аракелян, кәсіпкер:

Өкінішке қарай дүкендегі заттардың барлығы жанып кетті. Сот сараптамасына қажетті құжаттардың бір бөлігін жинадым. Бірақ маған тауар жеткізушілер қажетті құжаттар тізімін бермей отыр. Өйткені, қолма-қол ақшамен іс жүргізген. Менде барлық сатылымға қоайылған заттардың фото, видеолары бар. Дегенмен, арнайы комиссия мүшелері бұл дәлел жеткіліксіз деп отыр.

Натальяның сөзінше, келген шығын көлемі 10 млн теңгеге жуықтайды. Бірақ, кәсіпкердің қолындағы құжатта тек 3,8 млн теңгенің тауары көрсетілген. Енді кімнен көмек сұрарын білмей дал.

Қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы мамандарының айтуынша, бүгінде 200-ден астам өтінім пысықтауға және сот сараптамасына жіберілген.

Нұрсұлтан Тілектесов

Хабарламаларға жазылу