Қаңтар оқиғасы: Кәсіпкерлер әлі ес жия алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаңтар оқиғасы: Кәсіпкерлер әлі ес жия алмай отыр

14.03.2022

Қаңтарда болған жаппай тәртіпсіздіктер кезінде бизнесіне залал келген кәсіпкерлердің көпшілігі әлі де ісін дөңгелетіп әкете алмай отыр. Кейбірінің кәсібі тоқырап, қол астындағы қызметкерлері жұмыссыз қалған. Материалдық тұрғыда зардап шеккен азаматтардың бірқатарымен тілшіміз тілдесіп қайтқан еді.

Назерке Баянның қаладағы ірі сауда орындарының бірінде киім-кешек сататын дүкені болған. Қаңтардың 4-нен 5-не қараған түні, сауда орталығына баса көктеп кірген бұзақылар кәсіпкердің бар тауарын түк қалдырмай тонап кеткен.

Назерке Баян, кәсіпкер:

Терезелерді шағып,кассадағы ақшаны алған. Ескі киімдерін шешіп тастап кеткен. Киінетін бөлмені ашып, соның ішіне киімдерін іліп, жаңаларын алып кеткен. Бірінші күні біздің дүкен тоналды.

Қарызданып, ісін қайта жолға қойған кәсіп иесі әлі де аяғына нық тұра алмады. Өтемақы алу үшін тиісті құжаттар пакетін жинаған. Алайда, біршама олқылықтар бар екенін және мемлекеттен көмек күтетінін айтады. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, АҚШ долларының бағамы өскен соң, сырттан тауар әкелу де қиындай түсті.

Қаңтардағы қақтығыс кезінде жалпы 1600-ден астам бизнес нысанына залал келген. Шаһар орталығында орналасқан мына мейрамхана жуырда ғана қалыпқа келтірілді. Жұмысын осыдан бірнеше күн бұрын ғана бастапты.

Роман Лавтин, мейрамхана әкімшілігінің өкілі:

Қалыпқа келтіру жұмыстары әлі жүріп жатыр. Ғимараттың кәріз желісіне, яғни құбырларға дейін зақым келген. Ішіндегі жабдықтарын түгел ауыстырдық. Қарызға алынған ішімдіктер, азық-түлік барлығы тоналған. Шығын көлемі 100 млн теңгеге жуықтайды.

Қазір мейрамханада 35 адам еңбек етеді. Олар қаңтар оқиғасынан кейін бір айдай жұмыссыз отырғанын айтады.

Елена Тянь, мейрамхана қызметкері:

Қаңтардағы тәртіпсіздіктерден мейрамхана ғимараты ғана емес, жұмысшылар да зардап шекті. 4 апта жұмыссыз, табыссыз қалдық. Көпшілігімізде несие бар. Бір сөзбен айтқанда қиын жағдайды бастан кешірдік.

Қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының мәліметіне сәйкес бизнесі бүлінген кәсіпкерлерге өтемақы төлеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінге дейін 1173 өтініш мақұлданған. Төленетін сома 5 млрд теңгеден асып жығылады.

Нұрсұлтан Тілектесов


Хабарламаларға жазылу