Алматыда жүздеген кәсіпкер өтемақы ала алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда жүздеген кәсіпкер өтемақы ала алмай жүр

17.02.2022

Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен жүздеген кәсіпкер өтемақы ала алмай отыр. Бірінің сауда нүктесі толық жанып кетсе, енді бірінің бухгалтерлік есептері жарамсыз болып қалған. Бұл мәселе шығын көлемі 3 млн теңгеден асатын кәсіпкерлерде туындап отыр. Бизнес иелері осы жағдайды ескеріп, залалды өтеу механизмін қайта қарауды сұрайды. 

Сакдиана Нұрланқызының бүлік кезінде сауда нүктесі өртеніп, құжаттарының бәрі жанып кеткен. Сол себепті, өтемақы алу үшін тауарлар мен қызметтердің шот-фактурасын, жүктің және бухгалтерлік қағаздарды ұсына алмай отыр. Кәсіпкердің шай сату бизнесіне 9 млн теңге шығын келген.

 Сакдиана Нұрланқызы, кәсіпкер:

Қазіргі таңда құжатпен қиындық болғандықтан, сот сараптамасына тіреліп отырмыз. Қиындықтың бәрі содан туындап отыр. Өйткені, құжаттарымыз жоқ. Құжаттарымыз толық та емес. Сол себепті, қазір біз infokazakhstan порталына құжат тапсыра алмай жатырмыз.

Құжат тапсыра алмай жүргендердің бірі – Рустам Қасымов. Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде косметикалық заттар сататын дүкені екі рет тоналған. Қазір қоймадағы тауарларды шығарып, сауда нүктесін қайта қалпына келтірген. Дегенмен, сот-медициналық сараптама тағайындалмай отыр.

 Рустам Қасымов, кәсіпкер:

Біз қазір залал сомасын тиісті құжаттармен дәлелдей алмай отырмыз. Себебі, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, бұған дейін мұндай құжат талап етілмейтін. Бухгалтерлік есеп те жүргізбедік. 72 млн теңге шығынға баттым.

Жүздеген кәсіпкердің негізгі ұсынысы шығынды өтеу ережесі жеңілдетілсе дейді. Қазірдің өзінде 20 шақты бизнес иесі заңгерлердің көмегіне жүгінген.

Айман Омарова, заңгер: 

Бұл жерде бәрінің құжаттары жаппай тәртіпсіздіктен жоғалып кеткен жоқ. Кейбіреулерінің өзінің сондай механизмі болған болатын. Бухгалтерлік өзінің шоттары, есептері басында керек жоқ болған. Енді қазір бүгін кездесеміз. Сөйлесіп көреміз. Содан кейін өзіміздің үндеуімізді жолдаймыз. Себебі, бұл жерде механизм болып тұр да. Енді мұндай болады деп ешкім ойлаған жоқ қой. 

Кәсібін домалатып, нәпақа тауып отырғандардың ендігі үміті - шығынды өтеу комиссиясында. Оң шешім шығарып, қол ұшын созбаса, құрдымға кетейін деп тұрмыз дейді алматылық бизнес өкілдері.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу