«Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана». Бүгін Елордада түркі тілдес халықтардың мәдениеті мен өнері, салт-дәстүрі паш етілетін көшпенділер өркениеті фестивалі ашылды. Қала күніне арналған дәстүрлі шара төрт күнге созылады.
Гүлжан Қалтайқызы, тілші:
Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана – көшпенділер өркениеті. Осымен жетінші мәрте өткізіліп жатқан бұл фестивальдің жылдан-жылға ауқымы кеңейіп келеді. Биылғы шараға 300-ге жуық адам қатысуда. Өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашып, астаналықтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйласа, он саусағынан өнер тамған шеберлер қолөнер бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды.
Асхат Дәулеткерімұлы, шебер:
Астана күніне арналған көрмеге мен тері шебері болғандықтан, тері бұйымдарын әкеліп тұрмыз. Қамшылар, пано дейді, сосын қалқан, қазақ батырларының ұстаған қалқандары. Халықтың қызығушылығы, әрине жақсы.
Астананы дүбірлі думанға бөлеген шарада құралайды көзге атқан мергендер мен аттың құлағында ойнайтын жігіттер ұлттық ойын көрігін қыздырды. Жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай ерлер қылыш, шоқпарын асынып, хас батырдың күш-қуатын көрсетті. Ал, бүркіттің бабын білетін құсбегілер дала құсының қасиетін паш етті. Осынау шараға қатысушылар екі айға жуық әзірленді.
Вячеслав Гончарев, бағдарлама режиссері:
Біз көшпенділердің тұрмысы, мәдениеті, сауық құруына қатысты барлық материалдарды жинап, көпшілікке ұсынуға тырыстық. Қазақстандық шеберлерден бөлек, Якутия, Әзірбайжан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Моңғолиядан келген қолөнершілер шеберлік сабақтарын өткізуде.
Сондай-ақ, ұлттық әдет-ғұрыптардың голографиялық шоуы, ат спортының түрлері көрсетілуде. Халық назарына ұсынатын қызық көп. Оның бәрін көру керек. Шаралар күндізгі он бірден түнгі он жарымға дейін жалғасады.
Фестиваль бағдарламасы расымен де ауқымды. Бүгіннің өзінде көшпелі цирк өнерпаздары жиналғандарды өнерімен таң қалдырды. Қыздар жүн түтіп, киіз басты. Зергерлік өнердің қыр-сырын жетік меңгерген ұсталар көпшілікке білген-түйгенін көрсетті. Ал, ұлан-асыр той төрт күнге ұласады. Яғни, көрер қызық әлі алда.
Гүлжан ҚАЛТАЙҚЫЗЫ