Қазақстан мен Түркия әуе рейстерінің санын арттырмақ. Одан бөлек сауда, өнеркәсіп, инвестиция, көлік пен транзит салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға ниетті. Бүгін қос тарап осы салаларға қатысты 68 тармақтан тұратын бірлескен іс-қимыл жоспарын қабылдады. Елордада өткен Қазақстан-Түркия үкіметаралық комиссиясының XII отырысы жөнінде тілшіміз толығырақ.
Түркия - Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 33%-ға өсіп, 4,1 млрд доллардан асты. Түркияға шығарылған экспорт көлемі 39%-ға өскен. Ал импортталған түркиялық тауарлар көлемі 20,5%-ға артып, 1,1 млрд долларға жетті. Түрік кәсіпкерлері Қазақстанда жалпы құны 5,5 млрд болатын инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатыр.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Соңғы 15 жылда Түркия Қазақстан экономикасына 3 жарым млрд доллар инвестиция салды. Өткен жылғы инвестиция көлемі 1,9 есе өсіп, 535 млн долларды құрады.
Қазақстан мен Түркия әуелі әуе жолдарының географиясын кеңейтпек. Нәтижесінде тұрақты рейстер саны көбейеді. Жүк тасымалымен айналысатын көліктердің де саны артады. ТрансКаспий халықаралық көлік бағытының мүмкіндігі зор..Осы орайда Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы тауар тасымалдап, одан әрі Баку-Тбилиси-Карс теміржол желісімен жүктерді жөнелту бойынша ұсыныстар жасалды.
Фуат Октай, Түркия вице-президенті:
Қазақстан біз үшін тілі мен ділі ортақ бауырлас мемлекет қана емес, саяси-экономикалық байланысы нығайған елдердің бірі. Бүгін бірқатар келіссөз жасадық. Мәселен, көлік транзиті бойынша. Бұрын 2000 жүк көлігіне ғана рұқсат берілсе енді оның саны 10 есе артады. Бір аптада 24 әуе рейс ұшады. Біз мұның ауқымын кеңейтпек ниеттеміз.
Қос тарап көп саланы бірлесе жүзеге асыруға мүдделі. Оған екі елдің де әлеуеті жетеді. Талқыға түскен ауқымды мәселе көп. Транзиттік-көліктен бөлек, өнеркәсіп, туризм, геология, денсаулық сақтау және агроөнеркәсіптік кешеніне қатысты мәселелер қаузалды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Біз бүгін 68 тармақтан тұратын Бірлескен іс-қимыл жоспарын қабылдадық. Онда сауда, өнеркәсіп, инвестиция, көлік пен транзит және тағы басқа салалар қамтылды. Сөзімнің соңында Түркияның мәртебелі вице-президентіне қазақ-түрік қарым-қатынастарын одан әрі нығайтуға атсалысқаны үшін тағы да алғысымды айтқым келеді.
Екі елдің дипломатиялық байланыс орнатқанына 30 жыл. Тамыры бір, тарихы ортақ, бауырлас ел – барлық салада стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейінде тұр. Сенімді диалог құрып, іскерлік байланысты нығайтуға ниетті үкімет мүшелері енді бірлескен жоспарды іс жүзінде жүзеге асыруға белсене кіріспек.
Раушан Сайлауқызы