Үкімет отырысы басталды: Жаңа Конституциясының нормаларын жүзеге асыру
Бүгін Үкімет басшысы жаңа Ата
заң бойынша министрлерге нақты тапсырма жүктеді. Еске салсақ, кеше Президент жаңа
Конституцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа салтанатты түрде қол
қойған еді. 1 шілдеден бастап ресми түрде
күшіне енетін бас құжат «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына негізделген.
Демек, министрлер кабинетінің алдында ауқымды жұмыс тұр. Парламент қарауына
Президент, Құрылтай, Халық Кеңесі, Астананың мәртебесі және еліміздің әкімшілік-аумақтық
құрылысы туралы жаңа бес конституциялық заң енгізілуі керек. Сонымен қатар,
сегіз конституциялық заңға және 60-тан астам заңға, соның ішінде негізгі
кодекстерге түзетулер енгізу көзделіп отыр. Бүгінгі Үкімет отырысында ведомство
басшылары жоспарларын ортаға салды. Премьер-министрдің орынбасары Ақпарат және
мәдениет министрі Аида Балаева Жаңа Конституция төңірегінде ақпараттық түсіндіру
жұмыстарын арттыра түсетінін жеткізді. Ал Жасанды интеллект және цифрлық даму
министрі Жаслан Мәдиев азаматтардың жеке деректерін қорғау бағытында жұмыс күшейе
түседі деді. Қалған министрліктер баяндамасын оқуға енді кіріседі. Үкімет
бірінші кезекте нақты қандай заң аясында жұмысқа кірісетіні отырыс барысында белгілі болады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы