Алматы облысында шопандар қуаңшылыққа алаңдаулы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында шопандар қуаңшылыққа алаңдаулы

01.03.2022

Алматы облысының малшы қауымы биыл қуаңшылық бола ма деп алаңдаулы. Себебі аймаққа қар жылдағыдан аз жауды. Жамбыл ауданының шопандары құмға қарай ығысып қыстап шықты. Ылғал аз болғандықтан шөп те аз шығады деп қазірден болжап отыр. Өңірдегі шаруалардың жай-күйімен тілшіміз Қуаныш Қанатұлы танысып қайтты.

Қуат Барықбаев мың бас қойымен Айдарлы ауылы маңында аман-есен қыстап шықты. Қазір төл алуға дайындалып жатыр. Биыл ылғал аз түскені болмаса қыс жайлы болғанын айтады. Бірақ көктемде шөп аз әрі қымбат болатынына сенімді. Сондықтан мемлекет тарапынан бөлінетін субсидияға тәуелді екенін жасырмайды. Бірақ сол қаржыны уақытылы берсе деген тілегі бар.

Қуат Барықбаев, шаруы қожалығының жетекшісі: 

Май-июньннен бастап шөп шабылады. Оның бәрін сатып алатын қаражат керек. Дәл сол уақыттарда берсе, июль айларында бөлінетін ақшаны біз өзімізге керек жем-шөбімізді сол ақшаға сатып аламыз. Ал енді оны кейде кешіктіріп береді. Күзге таман ол уақытта баға көтеріліп кетеді. Алатын шөбіңіз де болмай қалады.

Жалпы Жамбыл ауданында 4 мыңнан астам шаруа қожалығы бар. Басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады. Соңғы мәлімет бойынша ауданда 120 мың сиыр, 40 мың жылқы, 900 мыңдай ұсақ мал бар. Мал басы өскен сайын жайылым жерлерге де сұраныс артуда. Соңғы бес жылда ауданда игерілмей жатқан 82 мың гектар жер қайтарылып, шаруаларға таратылды.

Тілеубай Қадыр, Айдарлы ауылының мал дәрігері: 

 Құмға барып жайып, сол құмның арқасында биыл қыстан аман-есен шығады. Аман қазіргі жағдайда. Қандай-да бір аурудан-сырқаудан да аман. Бәрінен таза. Біздің Айдарлының халқы малмен ғана күн көріп отыр ғой.

Енді бір жиырма күнде шопандар мал төлдету науқанына қызу кіріспек. 100 басқа 100 қозыдан айналса да жаман болмас еді дейді, жыл 12 ай түзде жүрген ағайын.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу