Қарағанды облысында қуаңшылыққа байланысты астықтың түсімі аз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында қуаңшылыққа байланысты астықтың түсімі аз

08.09.2021

Қарағанды облысында биылғы қуаңшылыққа байланысты егінге орақ ерте түсті. Астықтың түсімі көңіл көншітпейді. Алқап жұмыстарына ауыл шаруашылығының озық технологияларын енгізген диқандар ғана орташа өнім көлемін сақтап қала алды. Тілшіміз Русланұлы сол өңірден.

36 мың гектар алқапқа егін салған ең ірі шаруашылық жылда қыркүйектің ортасында орақ қамына кірісетін. Биыл 10-15 күнге ерте бастады. Жаз жаңбырсыз болып, егін бітік шықпады. Аптап ыстыққа төзімді тұқым сұрыпын таңдап, минералды тыңайтқыштарды пайдаланудың арқасында ғана орташа өнім көлемін сақтап қалды.

 Георгий Прокоп, Шахтер шаруа қожалығының директоры: 
Биыл қуаңшылық айтарлықтай қыспаққа алды. Бұған дейінгі жылдары гектарына 16-17 центнерден айналатын. Биыл 10 центнерден алудамыз. Мынадай қуаңшылық кезде бұл жақсы нәтиже. Жаңа технологияның арқасында тығырықтан шығып отырмыз. Жалпы ауыл шаруашылығына жаңашылдық енгізу, кез-келген жағдайға дайын болу мәселесі биылғы жолдауда кеңінен айтылды. Біз соған тырысуымыз керек.

Жолдауда айтылған тағы бір мәселе суды үнемді пайдалану. Шаруашылықта 500 гектар жерге картоп салынса, оған жаз бойы тамшылата суғарудың соны технологиясы қолданылды. Нәтиже жаман емес, гектарынан шамамаен 320-350 центнерден өнім алуда. Өндірістегі жаңашылдық, жұмысшыларға қолайлы жағдайдың жасалуы жастарды қызықтырмай қоймады. Ауылға жас мамандар келді.

Олжас Құттымбек, Тұқым дайындау бригадасының агрономы:
2 миллион теңге жәрдемақы берілді. Қажетті заттарды алуыма. Жаңа көлік берді. Мұнда техникалардың бәрі жаңа. Логистика жағы, тұқым жеткізу дұрыс жолға қойылған. Тек қана жұмыс істеу керек болды.

Жалпы биыл облыс бойынша 933 мың гектар алқапқа дән себілді. Күздің алғашқы аптасында ақ егіннің 62 пайызы жиналды. Алайда түсім аз,-дейді мамандар.

Сырым Бошпанов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
Былтырғы жылы бізде 11,3 центнерден түсіп отырған. Биылғы мына қуаңшылыққа байланысты 8,5 центнерден, бұл орташа есеппен облыс бойынша түсіп жатыр. Заманауи технологияларды, сапалы тұқымдарды пайдаланып отырған аудандарда бұл көрсеткіш жоғары болады. Бірақ енді былтырғы жылғы көрсеткіштен көп төмен.

Жылда қамбасын дәнге толтыратын шаруа биыл пайдаға кенелмесе де шығынға батпағанына шүкір етеді. Әйтседе, астықтың аздығы нан бағасының қымбаттауына әкеп соқтыруы мүмкін дейді диқандар.

Өңірде егістік алқаптардан бөлек 25 мың гектардан астам жерге майлы дақылдар мен 11 мың гектарға картоп салынған. Қазір дәнді-дақылдар мен көкөністі жинау үшін 2 мыңға жуық техника жұмылдырылған.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу