Павлодар облысында шаруалар қуаңшылыққа қарамастан мол өнім алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында шаруалар қуаңшылыққа қарамастан мол өнім алды

28.09.2022

Техникадан бұрын, табиғатқа тәуелді болу - тәуекелге бел буу дерміз. Павлодар өңірінің дихандары 1 млн тоннадан астам бидайды қамбаға құйды. Бұл - аймақ үшін рекордтық көрсеткіш. Оның үстіне маусымның басынан шілденің ортасына дейін жауын болмай, топырақ құрғап кеткен еді. Қуаншылыққа қарамастан мол өнім алудың сыры неде?

Успенка - топырақ құнары орташа аудандардың бірі болса да 2 жыл қатарынан бидай өсіруден алда келеді. Қуаныш Нұржігітұлы табиғаттың құбылмалы мінезіне әбден үйренген, жердің сырын білетін дихан. 40 мың гектардай егістік алқабы бар. Жаңа технологияны енгізудің арқасында бидайдың орташа түсімі гектарына 12-14 центнерден айналуда

Қуаныш Баймағанбетов, шаруашылық басшысы:

Жауын-шашын аз болған биылғы жазда көңіліміз күпті болғаны рас. Ерте дән беретін астық тұқымдарын еккен едік. Және топырақты аздырмау үшін тыңайтқышты молынан бердік. Үшіншіден сапалы тұқым салдық. Бұлар болмағанда егін күйіп кетер еді.

Бірер күнде жиын-терім аяқталады. Қоймаларға құйылатын астық көлемі асыра сілтеп, артық айтылмас үшін аймақ басшысының орынбасары күндіз бір, кешке бір комбайнға мінеді. Себебі, дәл биыл азық-түлік қауіпсіздігіне ерекше мән беретін жыл.

Мейрам Өтешов, облыс әкімінің орынбасары:

Жаңа комбайнда отырып, компьютерінде 15 центнер гектарынан көрсетіп отыр. Орақ біткенше ойлаймын 1 млн тоннадан астам аламыз. 1 млн 17 мың тонна деп. Есебіміз бар сондай. Қоймаларымыз бар сақтайтын. Дайындық бар. 4 элеватор дайын.

Күз құрғақ болғандықтан орақ шығыны аз. Кептірмей-ақ бірден қамбаға салып жатыр. Бидайдың ылғалдығы 12, қамырлылығы 36 пайызға дейін барады. Аймақ дихандары қарақұмық жинрауға да кірісті. Айта кетейік, бұл дақылдың 60 пайызы Кереку өңірінде өсіріледі.

Сергей Черепко, шаруашылық басшысы:

Қарақұмық кірпияз дақыл. Алдымен жығып, кепкен соң жиналады. Жел болса дәні шашылып кетеді. Биылғы түсімі жақсы. Оның үстіне мемлекет бөлген арзандатылған жанар-жағармай ерте берілді. Техниканы да жаңартып алдық. Арқаның ақ жауынына қалдырмай, бірер күнде жинап тастаймыз.

Мемлекеттік азық-түлік корпорациясы биыл бидайдың әр тоннасына 120 мың теңгеден баға қойды. Ал, астық трейдерлері әрі кетсе 110 теңгеден алмақ. Сондықтан өнімді қамбада сақтап, мемлекетке тапсырамыз-дейді дихандар.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу