Ел экономикасын тұрақтандыру үшін Үкімет 3 жоспар әзірледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ел экономикасын тұрақтандыру үшін Үкімет 3 жоспар әзірледі

01.03.2022

Әлемдегі ахуалға байланысты Үкіметте 3 жоспар дайын. Украинадағы жағдай қаншалықты ұзаққа созылса, Қазақстан экономикасына да соншалықты әсер етеді. Сондықтан, дағдарысқа қарсы кешенді шаралар әзірлеу басталды. 

 Әлемде геосаяси жағдай шиеленісіп тұр. Украинадағы ахуал, Ресейге салынған санкция бізге әсер етпей қоймайды. Өйткені сырттан келетін импорттық тауарлардың жартысына жуығы Ресейге тиесілі. Қазірдің өзінде Қазақстанның қаржы нарығына қысым күшейіп келеді. Үкімет жедел әрекет етпесе болмайды. 3 жағдайға жоспар құрған. Оның параметрлері әр түрлі. Пессимистік сценарийге де дайындық бар. 

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі: 

Біздің қадамдар - жалпы барлық әлеуметтік міндеттер жүзеге асырылады. Себебі Үкіметте оған қаражат та барлық мүмкіндіктер бар. Мен айтқандай бірнеше сценарий бар. Әр сценарий бойынша бізде жауап дайын.

Ұлттық валюта да әлсіреп барады. Өйткені, доллар құбылып тұр. Сондықтан инфляцияның өсу тәуекелдерін азайту керек. Теңге жинақтарын қорғау да қазір кезек күттірмейтін қадам. Осыған бағытталған шаралар қолға алынды. Ол үшін алтын-валюта резервтерін ұтымды пайдалану тәсілдері қаралып жатыр. Ұлттық банк еркін инфляцияны таргеттеу режимін ұстана береді. Яғни, бағалардың тұрақтылығын сақтауға күш салады. Ал Ресейдің SWIFT-тен ажыратылуы Қазақстанға әсер етпейді деп отыр ведомства басшысы. 

Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық банк төрағасы:

Қазақстандық банктердің клиенттік және меншікті төлемдер мен ақша аударымдарын ел ішінде жүргізу бойынша барлық операциялары штаттық режимде жүзеге асырылады. SWIFT жүйесінен ажыратылған ресейлік банктердің клиенттерімен трансшекаралық операцияларды қамтамасыз ету үшін өзара есеп айырысуларды жүргізудің баламалы тетіктері әзірленді.

Экономиканы дамыту үшін кәсіпкерлерге артылар жүк ауыр. Бірақ олар әлі ескі талаптардан арылмай келеді. 40 пайызы жаңа тәсілдерге сай емес. Үкімет басшысы мұны тоқтатуды бұйырды. Импортқа иек арта бермей, өнімді өзімізден өндіру үлесін көбейту керек. Мұндай инвестициялық жобаларды мемлекет қолдауға дайын. Ал жәрдем алған кәсіпорындар жалақыны өсіруге міндетті. 

Әлихан Смайылов, ҚР премьер-министрі: 

мемлекеттен қолдау алған кәсіпорындар қызметкерлерінің жалақысын өсіруге міндеттеме алады. Аргоөнеркәсіп кешенінде мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру үшін субсидиялау жүйесінің жаңа тәсілдері әзірленіп жатыр. Қосымша ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға енгізу арқылы ауыл шаруашылығы кооперациялары мен отбасылық шаруашылықтарды дамытуға жағдай жасалады. 

 Кәсіпкерлік енді «таза парақтан» реттеледі. 2 жылға арналған осындай жоспар түзілді. Ал субсидиялау, кредиттерге кепілдік беру көлемі ұлғайтылады. Бірқатар бағдарламалар аясында республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлінеді. Осылайша бизнесті реттейтін актілер қайта қаралмақ. 

 Асима Бұхарбаева

Хабарламаларға жазылу