Нелли Ким туралы фильмнің тұсаукесері өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нелли Ким туралы фильмнің тұсаукесері өтті

01.07.2014
Нелли Ким туралы фильмнің тұсаукесері өтті

«KAZsport» телеарнасының 1 жылдығына орай Астанада арнайы жиын өтіп, гимнастикадан 5 дүркін Олимпиада чемпионы Нелли Ким туралы фильмнің көрсетілімі болды.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Аты аңызға айналған Олимпиаданың бес дүркін чемпионы Нелли Кимді бүкіл әлем таниды десек, қателеспейміз.

«Біздің Киманелли» атты деректі фильмді түсіру үшін шығармашылық топ АҚШ-та, гимнасттың ең алғашқы спорт мектебі Шымкентте және Алматы қаласында түсірілімдер ұйымдастырды.

Фильм «Жүрегіміз әркез Қазақстан деп соғады», деген спортшы қыз өмірі мен оның спорттағы жетістіктері туралы толық баяндайды.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Көпшілікпен бірге осы фильмді тамашалағандар қатарында  ел мақтанышы, Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров те болды.

Жақсылық Үшкемпіров, Олимпиада чемпионы:

Нелли Кимді кім білмейді? Олимпиаданың 5 дүркін чемпионы. Менің замандасым. Екеуміз Мәскеу Олимпиадасында чемпион болғанбыз. Шымкентте өскен кішкене ғана қыздың әлемге әйгілі болғаны – Қазақстанның бағының жанғаны деп есептеймін. Ал, «KAZsport» арнасына арналған тілектер арасында осы арнаның жүз жылдығын көрсек деген ниет айтылды. Жүз емес, мың жылдығын көрейік.

Көрсетілім алдында шағын ресми шара өтті. Онда ресми қонақтар «KAZsport» ұжымына ізгі тілектерін жолдады. Сондай-ақ, «Қазақстан» РТРК» АҚ басшылығы мен Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі басшылығы  арасында өзара сенімді әріптестік туралы меморандумға қол қойылды.  

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу