Оралда ұлттық спорттан әкелі-балалы жұптар сайысқа түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда ұлттық спорттан әкелі-балалы жұптар сайысқа түсті

24.02.2022

Оралда тұңғыш рет әкелі-балалы жұптар арасында ұлттық спорт түрлерінен сайыс өтті. Он екі жұп аударыспақ, садақ тарту, серке ілу, белтемірге тартылу тәрізді сайыстарда бір- біріне дес бермеді. Ерекше шара жайлы тілшіміз тарқатсын.

Ат спорты үйірмесінде тұрақты жаттығып жүрген жеткіншектер сайыс көрігін қыздырды. Аз уақытта ат жалын тартып үйренгендер аударыспақта күш сынасып, теңге ілді, көкпар тартты. Жамбы атып мергендіктерін де байқатты.

Нұрдәулет Мағзом, оқушы:

Аударыспақта 3 минут уақыт беріледі. Біз сол уақытта бір-бірімізді құлатуымыз керек. Құлата алмасақ, бізде белбеудесу болады. Бір-бірімздің белбеуімізден ұстап, тартамыз. Одан да теңдей түссек, салмақ жағынан ұтуға болады.

Нұрислам Жәңгіров, оқушы:

Атқа 3 жасымнан бастап мінгем. 8-9-ға келгенде асауды үйретіп көрдім. Қазақтың баласы атқа жақын болуы керек. Өйткені ол ата-бабамыздан қалған нәрсе. Қазір көбі телефонмен арпалысып жатады.

Бір-біріне дес бермей, намысқа тырысып, қарсыласын ықтырған балалардың табандылығына әкелер де сүйсінді. Бабы келіскендердің бағы жанды.

Қуанышбек Айтымбетов, қала тұрғыны:

Баламыз қазір телефон ойнауын қойып, таң атысы, кештің батысы, осы жерде атқа мінемін деп шауып жүреді. Әкеп тастаймыз, алып кетеміз. Біздің көңіліміз толады. Баламыз атқа мініп үйренсе, бірінші кезекте денсаулығы мықты болады.

«Орал» спорт клубының ат спорты бөлімінде бүгінде 80 бала жаттығады. Бапкерлер он жастан бастап баланы атқа отыруға, ер-тұрманын сайлап спорттық бәсекелерде бақ сынауға үйретіп келеді.

Ақылбек Ишанов, аға жаттықтырушы:

Ауылдың баласы, қаланың баласы деп жатқан жоқпыз. Келген баланың бәрін қабылдаймыз. Үйірме тегін. Аптасына 3 рет. Балалардың сабағына келтіріп қоямыз. Әр демалыс, сенбі-жексенбіде демалмаймыз, керісінше, балалар дайындыққа келеді солармен жұмыс істейміз.

Бөлім жанынан болашақта бәйгеге қатысатын шабандоз сыныбы ашылмақ. Сайыс соңында Оралхан Бақтыгереев пен ұлы Нұрдәулет Мағзом бірінші орынды жеңіп алды.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу