Қарағанды облысында балалар үйінің жұмысшылары қарызға батып қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында балалар үйінің жұмысшылары қарызға батып қалды

23.02.2022

Қарағанды облысында балалар үйлерінің жұмысшылары ойда жоқта мемлекетке миллиондаған теңге қарыз болып қалды. Оларға бірнеше жыл бойы жалақыға 5 мың теңге үстеме төленіп келген. Алайда Ішкі аудит департаменті бұл қаржы тек тәрбиешілерге төленіп, шаруашылық бөлімі қызметкерлеріне берілмеу керек екенін алға тартып отыр.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған балалар үйінің қызметкері Гүлбану Әбдірахманова бір басында 360 мыңнан астам қарызы бар екенін жақында білген. Тіпті ішкі аудит тексерісінің қорытындысы бойынша сот шешімі де шыққан. Енді қарызды қайтару үшін кемі жарты жыл жалақысыз жұмыс істеуі керек.

Гүлбану Әбдірахманова, балалар үйінің қызметкері:

Мысалы маған қазір 361 мың теңге қайтару керек болып тұр. Мен оны неге қайтарамын? Мен ешкімнен ештеңе сұрағам жоқ, не тағайындап берді соны алып отырдым. Мен жалақым бүгінгі күні 60 мың аламын. Осыдан үш жыл бұрын ол 30 мың болған. Сонда мен оны қалай қайтару керекпін?!

Мекеменің 70-тен астам жұмысшысының мойнында осындай қарыз тұр. Жалпы сома - 10 млн теңге. Бұл олардың соңғы үш жылдан бері жиналған жалпы берешегі. Бухгалтер мен кәсіподақ мамандары жалақыға үстеме Білім және ғылым министрлігінің қаулысына сай беріліп келгенін айтады.Құжатта мұндай үстеме барлық қызметкерлерге бірдей беріледі делінген.

Татьяна Рассказимова, бухгалтер:

Біз мұны өзіміз ойлап тапқан жоқпыз, басқарма тарапынан рұқсат берілген. Енді жұмыскерлердің айлығынан ұстап қалмақ. Осында жұмыс істеп 28 мың, 30 мың айлық алатын адамдар бар. Соларға 5 мың теңге үстемақы қосып отырдық. Жыртыққа жамау болсыншы деп, енді соның барлығын бір мезетте қайтарсын деп жатқаны ақылға сыймайды.

Облыс бойынша 6 бірдей балалар үйінің жалпы қарызы 34 миллион теңгеге жеткен. Ішкі аудит департаментінің өкілдері аталған қаржы заңсыз беріліп отырғанын алға тартқан. Бұл мәселе бойынша сот үкімі де шыққан. Сотта кәсіподақ пен бухгалтерлер ұсынған құжат негізсіз деп танылған.

Айгүл Мүтәләпова, Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың судьясы:

Сот балалар үйі қызметкерлерінің талап арызын негізсіз деп тапты. Себебі Үкімет қаулысына сай мемлекет есебінен қаржыландырылатын ұйым қызметкерлеріне мұндай үстеме тек балалар жіті байланыста жұмыс істейтін тұлғаларға ғана берілуі тиіс болған. Ал, техперсоналдағы қызметкерлер бұл санатқа енбейді. Ал, ұжымдық келісім өз дәлелін тапқан жоқ.

Жұмысшылар енді жоғарғы сотқа шағымданбақ. Үкімнің күші жойылмаса, балалар үйінің басшылары өз қызметкерлерінің үстінен шағым жазып, ақшаны қайтаруға тура келеді. Ал олардың кейбірі тіпті жұмыстан әлдеқашан шығып кеткен.

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу