Еуропада ковидтің кесірінен мұхитқа түсетін қоқыс көбейген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропада ковидтің кесірінен мұхитқа түсетін қоқыс көбейген

21.02.2022

«2050 жылға қарай мұхиттар балыққа емес, пластикке толады». Осылай дабыл қаққан Еуропа экологтары жаһан елдерін пластиктен бас тартуға үндеуде. Себебі, пандемия кезінде бір реттік пластик ыдыстардың өндірісі күшейіп, олардың қоршаған ортаға залалы артқан. Ковидтен қорғану үшін қазір жаһан жұрты айына 129 млрд маска, 65 млрд пластик қолғап пайдаланады екен. Оны оңды-солды лақтырудың кесірінен қоршаған ортаға қыруар залал келуде.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Көшелер, жағажайлар мен мұхиттар қазір мынадай медициналық маска, резеңке қолғап пен зарарсыздандыру ерітінділері құйылған пластик құтыларға толы. Бұл әлем елдеріне ортақ көрініс. Пандемияға дейін теңіз, мұхиттарға жылына 8 млн тонна пластик түсетін. Ковидтің кесірінен бұл көрсеткіш 4 миллионға көбейіп, қазір 12 млн тоннаға жеткен.

Теңіз жануарлары масканы көгілдір түсті шөпке, ал пластик пакет пен қолғапты медузамен шатастырып, қоректенеді. Нәтижесінде, полимерлерді қорыта алмай, тұншығудан былтыр 100 мың тасбақа, 300 мың кит пен дельфин қырылған. Жағаға шығып қалған өлекселердің асқазанынан экологтар 20 келі маска, полиэтилен пакет шығарған.

Бар-жоғы 1-2 сағат киюге жарайтын маскалардың шіруіне 450 жыл уақыт керек, дейді Бельгиядағы «Өзендерді тазала»қозғалысының жетекшісі. 5 жыл бұрын құрылған ұйымның мақсаты – өзен-көлдерді қоқыстан тазартып, 2025 жылға қарай мұхиттарға 100 мың тонна пластиктің тасталуына жол бермеу. Қозғалыс еріктілерінің қатарына қоршаған ортаны қорғау министрі де қосылды.

Зухал Демир, Бельгияның Фландрия аймағының қоршаған ортаны қорғау министрі:

Еріктілермен бірге бүгін біз өзендерді 1 млн келі пластиктен тазарттық. Еріктілердің көп болғаны қуантқанмен, қоқыстың көбеюі алаңдатады. Әр адам қоқысын жинап, табиғатты аялауды өзінен бастауы керек.

Томас де Гроот, «Өзендерді тазала» қозғалысының жетекшісі:

Микропластик бәрінен де қауіпті. Пластиктің майда бөлшектерін біз ауамен жұтып, тамақпен бірге жеп жатырмыз. Ол - адамның ұрықтану қабілетін әлсіретеді. Табиғатты қоқыстан тазарту үшін қазір әлемнің 57 мемлекетінде бөлімшеміз бар. Енді Қазақстанда да белсенді жұмыс атқарып, еріктілердің санын арттырсақ дейміз.

Экологтар пластикті өңдеуді емес, өндіруді тоқтату арқылы ғана қоршаған ортаны сақтап қалуға болатынын айтады. Былтырдан бастап Еуропа елдері бір рет қолданатын пластик ыдыстарды тұтынуға, шығаруға тыйым салды. Осы бастаманы енді жаһан жұрты да қолдайды деген үмітте.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу