Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрін қабылдады. Руслан Жақсылықов Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысына армияны реформалау үшін жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы есеп берді. «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасын жүзеге асыру барысы туралы баяндады. Әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету, оның ішінде Арнайы операциялар күштерін қалыптастыру аясындағы іс-шаралар жөнінде ақпар берді. Бұдан бөлек Президентке жеке құрамның жабдықталуына қатысты қазіргі ахуал, қару-жарақ пен әскери техниканың жағдайы, материалдық-техникалық құралдардың қолда бар қоры жөнінде айтылды. Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында әскери ведомство отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенімен өзара ықпалдаса отырып, әскерді техникалық тұрғыдан қайта жарақтау шараларын қабылдап жатыр.