Ақорда - ағайынды Тортаевтардың туындысы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақорда - ағайынды Тортаевтардың туындысы

25.06.2014
Ақорда - ағайынды Тортаевтардың туындысы
Қазір Астанада күн сайын көздің жауын алатын сәулетті нысандар бой көтеруде. Алайда, талайды тамсандырған сол ғимараттардың қай сәулетшінің қаламынан туғанын көбіміз біле бермейміз.
 
Бас шаһардың келбетін айшықтауға бір кісідей атсалысқан сәулетшілердің қатарында ағайынды Тортаевтардың орны бөлек.
 
Ағайынды сәулетші Байғұтты мен Арапбай Тортаевтардың Ақорда ғимаратының жобасын сызған сәулетшілер екенін біреу білсе, біреу білмейді.
 
Президент резиденциясы жобасының байқауына о баста 17 жұмыс ұсынылған. Әбден іріктеліп, ақтық сынға тек төртеуі жіберіледі. Арнайы комиссия да, Президент де  Тортаевтардың жобасын таңдайды.
 
Байғұтты Тортаев, сәулетші:
Бұл жерде биіктігі 2 метрдей қамыс болатын. Келіп көрдік, дегенмен, сай жер болған соң көтеруге тура келді. Бас жоба бойынша 9 метр биікке көтердік. Ғимараттың қазіргі тұрған жерінде астында үш қабат бөлмелер бар.
 
Ағайынды сәулетшілердің алты ай көз майын тауысып сызған жобасы сәтті шықты. Резиденция құрылысы 2001 жылы басталып, 2004 жылға дейін жүргізілді.
 
Аса маңызды мемлекеттік нысанды салу үшін әлемнің ондаған елінің мамандары тартылды. Құрылысқа пайдаланылған мрамор, граниттер Италиядан арнайы әкелінді.
 
Бір қызығы, қос сәулетші де өз қаламдарынан туған нысанға әлі күнге дейін бірде-бір рет кіріп көрмепті.
 
Байғұтты Тортаев, сәулетші:
Елбасының «Салып жатқан құрылыстың бәрін шетелдің фирмалары салып жатыр. Біздің өзіміздің жігіттер қашан салады, деп ойламаңыздар. Шетелдің фирмасы салып жатқанымен, оны жасап жатқан өзіміздің қазақтың сәулетшілері. Байғұтты мен Арапбай Тортаевтар сызып жатыр», деп  халыққа  айтқаны бар.
 
Тортаевтар - Үкімет үйі, Жоғарғы сот ғимараты және «Жеті континент», «Мәскеу» тұрғын-үй кешендері жобасының авторы. Ағайынды сәулетшілердің соңынан ерген балалары да түгел осы салаға бет бұрды.
 
Қазір әулетте жалпы саны 10 сәулетші бар. Айтпақшы, еліміздің бірнеше өңірінде пайдалануға берілген Назарбаев зияткерлік мектептері жобасының авторы да Байғұтты Тортаевтың қызы.
 
Индира Тортай, сәулетші:
Зияткер балалар оқитын мектеп болғандықтан, сыныптарға қатты көңіл бөлдік. Қазір Қазақстанның 15 қаласында салынып, балалар оқып жатыр. Тағы бірнеше қалада болады, деп ойлаймын.
 
Қос сәулетшінің Ақтөбе, Тараз, Алматы, Астана қалаларында 60-қа жуық жобасы пайдалануға берілді. Олардың қаламынан қаланың ажарын кіргізетін әлі талай ғимараттың жобасы туары анық.
 
Шынар АСАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу