Елдегі перзентханаларда нәрестелерге ковидке қарсы вакцина салынады. Бұл - жалған ақпарат. Бірақ әлеуметтік желілерде қауесет желдей есіп кетті. Тіпті екпесіз перзентханалардан шығармайтындығы жазылып жатыр. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мұның шындыққа жанаспайтынын жеткізді. Ресми өкілі Ержан Байтанаев нәрестелерге ковидке қарсы екпе әлемде жүргізілмегенін айтты.
Қазақстанда тек 12 жастан асқан балалар «Pfizer» вакцинасын қабылдайды. Онда да ата-аналарының немесе қамқоршыларының келісімімен ғана. Сондай-ақ Қаңтар оқиғасына қатысты да өтіріктер қаптап кетті. Бұған дейін Ішкі істер министрлігі ел азаматтарының қоғамдық санасын бақылауға алу үшін ақпараттық соғыс басталды деген болатын. Шетелде тіркелген 40-тан аса аккаунт анықталған. Іштен іріту де бар. Күні кеше тергеу изоляторларының бірінде адамды қабырғаға байлап ұстайтын бекіткіші бар азаптау камерасы жабдықталғаны туралы ақпарат тарады.
Алайда «Адам құқықтары жөніндегі хартия» ұйымының атқарушы директоры Жеміс Тұрмағамбетова мұны жоққа шығарды. Ол Facebook парақшасына: «Қамауда ұстау және жазаны өтеу орындарына барып, мониторинг жүргіземін. Мұндай ешқашанболған емес және жоқ», - деп жазды.