СҚО-дағы «Красный бор» жануарларды қорғау аймағында маралдардың саны көбейіп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-дағы «Красный бор» жануарларды қорғау аймағында маралдардың саны көбейіп келеді

10.02.2022


Солтүстік Қазақстандағы Есіл ауданына қарасты «Красный бор» жануарларды қорғау аймағындағы маралдардың саны кейінгі кездері көбейіп келеді. 40 жыл бұрын әкелінген 20 лақ бүгінде үйір-үйір кермаралға айналған. Қазір қорық аумағындағы даланың маңғаз жануарының саны 1500-ге жуықтаған.
Эльмира Кәленова, тілші:
Маралдар мемлекет қорғауына алынған. Табиғатта оларды өте сирек кездестіруге болады. Ал мұндағы жабайы жануарлар адамға әбден үйреніп алған. Тіпті қолдан тамақ жей береді.
Жазда кербұғылар емін-еркін жайылса, қыста қорықшылар қолдан қоректендіреді. Маралдарды мемлекеттік мекемеге қарасты 6 инспектор күтіп бағады. Табиғат қорғаушыларының басты жауы-браконьерлер. Мамандар күн сайын 60 гектар аумақты арнайы көлікпен шарлап шығады.

Руслан Құсайыновтың инспектор-орманшы қызметін атқарып жүргеніне 20 жыл. Жалақысы мардымсыз болып, осы уақытаралығында жұмысынан 3 рет кетіп, қайта оралған. Атасы мен әкесі де өмір бойы осында еңбек еткен.
Руслан Құсайынов, инспектор:
Маралдарға біз жазда 3 мың центнер шөп дайындаймыз. Маусымның басында төлдей бастайды. Екі-екіден әкеледі. Бір жарым мың басқа жуық бар. Еліктің басы 1750-1800 ге жақындап қалды.
Маралдың әрқайсысына күніне орта есеппен 600 грамм жем беріледі. Жабайы жануарлар қайың жапырақтарын да қорек қылады. Инспекторлар шөпті жаз бойы өздері шауып, өздері үйеді.
Николай Гусельников, қорық директоры:
Мұндай жайлы қыстың болғаны есімде жоқ. Биыл қар аз, әдеттегіден күн жылы. Марал, еліктер өздері тебінге шыға береді. Қыс қатты болған жылдары дала еліктері үйірге қосылып жатады.
Қорықта 400-ге тарта қабан да бар. Олар негізінен көлдің маңайын мекендейді. Марал сынды адамға жақын емес. Биыл арнайы аймақтағы жануарлардың санын анықту үшін есеп жүргізілмек.

Хабарламаларға жазылу