Бас прокуратура тәртіпсіздіктерге қатысты ұсталып, тергеуде отырғандардың арасында кездейсоқ адамдар жоқ деп мәлімдеді. Арнайы прокурорлар сараптамадан кейін 76 адамды тергеуден босатқан. Олардың арасында 2 әйел мен 9 кәмелетке толмаған бала бар. Бұл туралы Арнайы прокурорлар қызметінің басшысы Ризабек Ожаров мәлімдеді. Қазір жаппай тәртіпсіздік пен лаңкестік әрекеттерді ұйымдастырды және оларға қатысты деген күдікпен 789 адам қамауда отыр. Олардың арасында рұқсат етілмеген диструктивті топтардың 35 өкілі бар. Сондай ақ, «Дикий Арман» деген лақап атпен танымал Арман Жұмагелдиевтің қылмыстық тобының 18 мүшесі ұсталған. Олар дүрбелең кезінде 24 адамды ұрлап кеткен. Қылмыскерлердің қолынан бір бейбіт тұрғын қаза болған.
Айта кетейік, бас прокуратура Алматы және Қызылорда облыстарындағы Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің әрекет етпегенін әшкереледі. Кейбір басшылар құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің орнына бөлімшелердің іс-әрекеттерін әдейі бұғаттады деген де күдік бар. Алматы және Жамбыл облысы полиция департаменттерінің қызметкерлері қару-жарақ пен ғимараттарды қарсылықсыз тастап кетті. Бүлікшілердің қолына бір жарым мыңнан астам қару түскен. Олардың ішінде гранатомет, пулемет, тапанша, граната бар. Қазір жоғалған қарулардың небәрі үштен бір бөлігі табылған.