Бейжің-2022: Олимпиададан хабар тарататын БАҚ өкілдеріне жағдай жасалған ба? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бейжің-2022: Олимпиададан хабар тарататын БАҚ өкілдеріне жағдай жасалған ба?

03.02.2022

XXIV Қысқы Ақ ойындар басқа Олимпиадалардан өзгерек. Темірдей тәртіп, қатаң бақылау. Қытай астанасынан хабар тарататын БАҚ өкілдеріне барлық жағдай жасалған ба? Бейжіңдегі тілшіміз Азат Қадырбек жауап берсін. Ол бүгін шетелдік меймандармен сұхбаттасып, роботтар қызмет көрсететін асханада жұмысымен танысты.

Медиаорталық Қытай ұлттық конференц-орталығының ғимаратында орналасқан. Алып нысанның ауданы да таңдай қақтырады. 98 000 шаршы метр. Барыс жылының басты бәсекесінен хабар таратуға келген жүздеген басылым, ондаған телерна мен медиасаланың өзге де өкілдері дәл осы жерден хабар таратады. Арнамызға сұхбат берген ресейлік әріптесіміз медиаорталық қызметіне өз бағасын берді.

Данил Левин, ресейлік журналист:

Бұл - менің үшінші Қысқы Олимпиадам. Әрине, Оңтүстік Коряда өткен Ақ ойындармен салыстырсақ, шектеу шараларына байланысты қаланы аралап, саяхаттау мүмкіндігінен айырылдық. Бұл орталықта біз үшін барлық жағдай жасалған. Ал логистика мәселесіне тоқталсақ, шалғай жатқан нысандарға қатынайтын электропойыз біз үшін өте ыңғайлы көлік құралына айналды.

Ал медиаорталықтың асханасында қызметкерлерден бөлек, роботтар БАҚ өкілдеріне еңбек етуде. Бір уақытта 720 адамды тамақтандыра алатын кешеннің орталық ғимаратында сіздің тапсырысыңызды қабылдаған роботтар дәстүрлі қытай тағамдары мен еуропалық ас мәзірін жедел әзірлеп, алдыңызға тосады. Құдды бір фантастика жанрындағы көркем туындыға еніп кеткендей әсер аласыз.

Стефан Брюссе, ХОК өкілі:

Делегация өкілдері үшін бұл асханадағы атмосфера мен ас мәзірі көңілдеріне шығып жатқан сияқты. Бұндай ас әзірлейтін роботты еш мемлекетте көрген емеспін. Біз Бейжіңге 20 күн бұрын келдік. Сол себепті тамақтану мәселесі біз үшін үлкен қиындық туғызған жоқ.

Медиаорталықтың 2-қабатында, әрдайым кезегі толастамайтын ресми дүкен орналасқан. Бұл жерде меймандар естелікке таңбашалар мен Ақ ойындардың атрибутикасын сатып алады.

Азат Қадырбек


Хабарламаларға жазылу