Қарағанды облысында жүк пойызы шойын жолдан шығып кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында жүк пойызы шойын жолдан шығып кетті

02.02.2022

Қарағанды облысында Мойынты – Сарышаған бағытындағы жүк пойызы кеше шойын жолдан шығып кеткен. Салдарынан жолаушылар тасымалына кедергі келіп, қозғалыс тоқтады.

Оқиға кеше күндіз болған. Теміржолдағы төтенше жағдай Қарағанды облысындағы Науалы станциясының қос жолды аумағында болған. Бейнежазбада көріп тұрғанымыздай, бірнеше жүк вагондары теміржолдың бойында аударылып жатыр. Вагондардың рельстен шығып кетуіне байланысты жолаушылар пойызы уақытынан кешігіп, қозғалыс тоқтаған. Түнімен жұмыс істеген мамандар, пойыз қозғалысын қалпына келтіріп, теміржолдың бір бағыты ашылды. Ал жүк пойызы «Қазақстан темір жолы - Жүк тасымалы» АҚ Жамбыл облыстық бөліміне тиесілі. Алдын ала мәлімет бойынша, жүк пойызының шойын жолдан шығып кетуінің себебі вагон қапталындағы раманың сынып кетуінен болған. Қазір оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылып, тергеу жұмыстары басталған. Зардап шеккендер жоқ.


Хабарламаларға жазылу