«Менен де өтті осы өмір». Осындай атаумен Алматыда көрнекті ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Есенқұл Жақыпбековті еске алу кеші өтті.
Марқұм тірі болғанда бүгін жырын сүйген, өнерін қолдаған халқымен 60 жасын тойлар еді. Әйтсе де, ұлт өнерін ұлықтап, қашанда халқымен бірге жүрген есіл ерді елі ұмытпақ емес.
Ақынын сағынған ағайын абзал азаматтың мерейтойын атап өтті. Есенқұлдың жырын, әзіл-қалжыңын, айтысын аңсаған әдебиетсүйер қауым көп жиылды.
Замандас шайырлар мен ізін басқан ақын інілері естеліктер айтып, жырларын оқыды. Жалпы, Жақыпбеков қазаққа суырып салма дарынымен танылған айтыскер.
Сүйінбай мен Жамбылдың жұрнағы, Жетісудің жыр дүлділі 30 жылға жуық айтысып, айтыс өнерінде өз өрнегін қалдырды. 1984 жылы республикалық телевизиялық ақындар айтысының тұңғыш лауреаты атанды. Бірнеше жыр жинағын шығарып, қаладан жырақ қарапайым өмір кешті.
Жарас Сәрсек, ақын:
Есенқұлдың айтыстағы тапқырлығы да қазір көп айтыс ақындарының бойында кезедсе бермейтін қасиет. Әзіл-қалжыңы қандай сахнада. Содан кейін үлкенмен қалай айтысуды, кішімен қалай айтысуды, қатарласпен қалай атысуды меңгерген бірден бір ақын болса осы Есенқұл болды. Әзілі өте орынды болатын. Қазіргі жұлдызы жарқырап жүрген айтыс ақындарына ұстаз бола білген ақындардың бірі осы - Есенқұл.
Жазира ИСАЕВА