Елдің түкпір-түкпірінде адамдардың заңсыз ұсталып, азапталғаны жөнінде ақпарат азаймай отырғанын айтып келеміз. Өткен аптада қоғам белсендісі, белгілі адвокат Абзал Құспан тергеу әділдігін тексеретін қоғамдық комиссия құруды ұсынғанына да тоқталғанбыз. Артынша өзінің мемлекеттік хатшы Ерлан Каринмен кездескенін айтты, ал 25 қаңтарда Алматыда қаңтар оқиғасы бойынша ұсталған 11 адамның тергеу изоляторынан босатылғанын хабарлады. Оларға бұлтартпас жазасы өзгертілген.
Жазықсыз жандардың азапталмауы үшін жалпы 3 қоғамдық комиссия жұмыс істеп жатыр. Айтпақшы, Қызылордада да қылмысқа қатысы бар деген күдікке ілінген 22 адам сот шешімімен қамаудан босатылды.
Президенттің «Бас прокуратураға басқа адамдардың кінәсі қандай дәрежеде екенін анықтауды тапсырамын. Жауаптылықты ауырлататын мән-жай болмаса, жазаны жеңілдету үшін шара қабылдаған жөн, дегені мәлім. Осы мәселе бойынша Бас прокуратураның мәліметі мынадай – айта кететіні, олар соңғы рет ақпаратты сейсенбіде берді - Бас прокуратураның бірінші қызмет басшысының орынбасары Елдос Қилымжановтың есебінше, жедел-тергеу топтарының өндірісінде 2 044 қылмыстық іс бар. Осы істер бойынша 898 күдікті ұсталған. Олардың ішінен 802-сі соттың санкциясымен қамауға алынды, 50-іне үй қамағы, ал 21 адамға кепіл, 12-іне ешқайда кетпеу қолхаты тағайындалды. 13-і бойынша бұлтартпау шарасы туралы мәселе қаралуда», - деді Бас прокуратура өкілі Қилымжанов.
Онда неге адамдар азаптауды айтып жанұшыра көмек сұрайды? «Ақ жол» депутаттары мемлекеттік төңкеріс жасаушыларды бүкіл ел білуі үшін
Парламенттік тыңдау өткізу керек деп есептейді.
Қазыбек Иса Бас прокурор мен ҚР Президенті жанындағы Адам құқы жөніндегі уәкілге депутаттық сауал жолдады.
«Түрлі ақпараттарға қарасақ, қазір содыр жейтін соққыны момын да жеп жатыр» деді Қазыбек Иса.
Қоғам үні мынау: Ешкімнің «қосақ арасында» кетпеуі. Кінәліні анықтау. Кінәлінің ғана жазасын беру. Және қай жағдайда да азаптау сияқты жексұрын әдісті тоқтату. Айтпақшы қаңтар трагедиясында опат болған 118 адамның аты-жөні жарияланды...