Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкіметтің биылға арналған іс-қимыл бағдарламасын әзірлеу жөнінде кеңес өткізді. Жиында әр министрлік өз ұсыныстарымен бөлісті.
Мәселен, Сауда және интеграция министрлігінің бағдарламасы азық-түлік бағасын тежеуге бағытталған. Білім министрлігі еңбек нарығында сұранысқа ие кадрларды даярлау жүйесін жетілдірмек.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жастардың білім алуы мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейту шараларын ұсынды.
Денсаулық сақтау министрлігі ауыл халқына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуді дамытуға баса көңіл бөлмек.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биыл 700 000-нан астам адамды жұмыспен қамтудың қамына кіріспек.
Энергетика министрлігі электр таратушыларға бағаны ұстап тұру, ішкі нарықтың мұнай өнімдеріне, электр энергиясына, сұйытылған және тауарлық газға деген қажеттілігін жабу бойынша шараларды ұсынды.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ІТ білім алудың қолжетімділігін арттыруды, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында 5G ұялы байланыс стандартын енгізуді, жұртты интернетпен қамтуды көздейді.