Кедендік шекарадағы шикіліктер жақын арада шұғыл шешіледі. Теріс пиғылды кәсіпкерлермен күрес табанды түрде жүргізіледі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Қытай» атты мемлекет басшыларының саммитінде айтты. Жалпы алдағы 8 жылда осы елдер арасындағы тауар айналымы 70 млрд долларға ұлғаяды. Бүгін тараптар бірқатар мәселені көтеріп, шешу жолдарын талқылады.
Орталық Азия – қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, тәжіктің ортақ мекені. Сондықтан бұл аумақтың қауіпсіздігі де, проблемалары да ортақ. Ал Қытай – шығыстағы көрші. Саммиттің маңыздылығы да осында. Мемлекеттер басшылары көп дүниені ортаға салды. Әуелгі мәселе – тұрақтылық.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Қаңтардың алғашқы күндерінде Қазақстан терроршылар мен содырлардың зұлымдығы және озбырлығымен бетпе-бет келді. Қытай және бауырлас Орталық Азия елдерінің қолдауын ризашылықпен қабылдадық. Мемлекет ретінде, ұлт ретінде біз қайғылы оқиғалардан сабақ алдық.
Ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық саясат. Осы екі жүйе «қаралы қаңтардан кейін» қайта реформаланып жатыр. Президент осылайша жаңа Қазақстанды құру басталып кеткенін мәлімдеді. Ал сенімге негізделген серіктес елдер ертеден бір-біріне демеу. Бұл жолы да қолдау мен көмекке әзір екендерін жеткізді. Келешекке де бірлесіп жоспар түзеді. Өйткені, мемлекеттердің географиялық тұрғыда мүддесі бір.
Қазақстанның Орталық Азия елдерімен тауар айналымы бір жылда 40 пайызға өскен. Ал тек Қытаймен арадағы сауда-саттық жаңа рекордтық деңгейге жетті. 11 айдың қорытындысы бойынша көрсеткіш - 17 млрд доллар. Қытай инвестициясының 40 млрд долларының жартысы Қазақстанға тиесілі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Бұл өте жақсы көрсеткіш. Сондықтан еліміз аймақтағы Қытайдың ірі сауда және инвестициялық серіктесіне айналуы заңдылық. Осы мүмкіндікті пайдаланып, шетелдік инвесторларды, оның ішінде қытайлық серіктестерімізді мұнан ары да жан-жақты қолдауға ниеттіміз.
Демек, инвесторлар үшін қолайлы жағдай артпаса кемімейді. Үкімет қазір жаңа инвестициялық саясат әзірлеп жатыр. Орталық Азия – алып нарық. Қытаймен арадағы сауда көлемі 30 жылда 100 есе өсті. Бірақ бұл шегі емес. Өйткені, әлеуеті зор. Сауда-экономикалық әріптестікті өркендету керек. Тараптар осыған уағдаласты. Кедендік шекарада да кемшіліктер аз емес. Шұғыл әрекет етпесе болмайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Заңсыз схемалар құрып, бизнеске кедергі келтіретін жосықсыз кәсіпкерлермен күресті күшейтеміз. Жуық арада нәтиже беретініне сенімдімін. Қазақстанға кіретін импорт пен үшінші елдерге кететін тасымалға ешқандай зиян тимейтініне сендіремін. Үкімет пен құқық қорғау органдарына тиісті тапсырмалар бердім. Шекаралық аймақтарда көтерме-тарату және агро-логистикалық орталықтары бар инфрақұрылым құруды жалғастыра береміз. Осының бәрі біздің өңір ішілік сауданың өсуіне ықпал етеді.
Си Цзиньпин Қытай мен Орталық Азия арасындағы тауар айналымын 70 млрд долларға ұлғайтуға ниетті. Бұл меже алдағы 8 жылға жоспарланған.
Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының төрағасы:Біз Орталық Азияның сапалы тауарлары мен ауылшаруашылық өнімдері үшін Қытайдың ішкі нарығына кеңінен жол ашуға дайынбыз. Орталық Азия мен Қытай арасында сауда форумын өткізсе жақсы болар еді. Электронды коммерция саласында әріптестік орнату бойынша диалог тетігін құрып, қажет болған жағдайда индустриялық-инновациялық әріптестік форумын өткізуді ұсынамыз.
Қытай басшысы саудадан бөлек, аталған аймақтарда «халықтар достығы» форумын өткізуді ұсынды. Білім, мәдениет пен туризмді түлету үшін байланыс жанданады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастамаларға қолдау білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Сіздің, мамандарды оқыту курстарын ұйымдастыру және соған қажетті қаражат бөлу туралы ұсыныңызға ризамыз. Бүгінгі саммиттің негізгі міндеттерінің бірі – Орталық Азияның әлеуетін аша түсудің жаңа тетіктерін табу. Өңір ішілік әріптестік кейінгі жылдары жаңа деңгейге шықты.
Қытайға экспорт артады. Тауар түрлерін 135-ке жеткізуге әзір. Әсіресе органикалық ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік тасымалы молайып, құнын 1 млрд доллардан асыруға болады. Ол үшін Президент «аймақтар арасындағы министрліктер консультациясы» тетігін іске қосуды ұсынды. Сондай-ақ, Қазақстан көлік-транзиттік маршруттарды әртараптандыруға мүдделі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Жаңа құрлықтық дәліздерді іске қосу маңызды. Қазақстан бұған 2025 жылға дейін 20 млрд доллар бөлуді көздейді. Жалпы, Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша, Орталық Азияның көлік коммуникациясын дамыту арқылы 5 мемлекеттің жалпы ішкі өнімін 15 пайызға өсіруге болады. Бұл - орасан резерв.
Саммит қорытындысы бойынша дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына орай бірлескен мәлімдеме қабылданды.
