Президент бизнес өкілдерімен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент бизнес өкілдерімен кездесті

21.01.2022

Халықтың тең жарымының табысы 50 мың теңгеден де аспайды. Есесіне, елдегі байлықты аз ғана топ ұстап отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жағдайды шұғыл өзгертуге тапсырма берді. Бүгін Президент елдегі ең ықпалды бизнесмендермен кездесіп, жаңа экономикалық саясатты қалыптастыру тетігін талқылады.

Залда ірі бизнес иелері мен Үкімет мүшелері. Президент оларды бүгін арнайы жинады. Өйткені – билік пен бизнес бірге тізе қоспаса нәтиже болмайды. Ал қазір елде жағдай күрделі. Қордаланған мәселе аз емес. Әуелі сөз бен істің арасы тым алшақ. Әсіресе, әлеуметтік-экономикалық салада «күйіп» тұр. Мұны өзгерту үшін қоғамдық тыныс-тіршілік түбегейлі трансформацияланады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қағаз жүзіндегі әлеуметтік-экономикалық мәселе мен оның қазіргі шынайы жағдайының арасындағы алшақтық сын көтермейді. Сондықтан шұғыл түрде экономикалық саясатты қайта қарау жұмысына бірлесе кірісу керек. Таза, ашық және әділ іс-әрекеттердің жаңа тәртібін анықтаған жөн.

Қауіпсіздікке қатер төндіріп тұрған үлкен мәселе бар. Ол – бай мен кедейдің арасы. 162 адам. Елдегі байлықтың тең жарымы солардың қолында. Есесіне, халықтың жартысы, яғни миллиондаған қазақстандық тиын-тебенге күн көріп отыр. Кірісі - 50 мың теңгеге жетер-жетпес. Президент мұндай табысқа өмір сүру мүмкін емес екенін айтып, жағдайды шұғыл өзгертуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл тым аз. Салыстырмалы түрде Ресейде экономиканың дәл осындай болғанына қарамастан, жалақы 46,7-ды құрайды. Бізден 1,5 есе артық. Ұлттық табысты бөлудің айқын теңгерімсіздігі байқалады әрі әділдік жағынан мәселе бар.

Бай-бағландар мен кедей-кепшіктің арасы алшақтап кеткені соншалық жол беруге болмайтын деңгейден асып кеткен. Елдегі бұрыннан сіресіп жатқан проблемаларды «қаралы қаңтар» оқиғасы ашып берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Алдымызда барлық әлеуметтік құрылымды өзгертуге қатысты стратегиялық міндет тұр. Бізге Қазақстан азаматтарының мүддесіне сай келетін реформалар қажет, ел өзгерді және азаматтарымыздың экономикалық жүйеге және жалпы өмірге деген көзқарасы өзгергенін ескеруіміз қажет.

Бізде тағы бір үрдіс қауіпке айналып келеді. Бизнес атаулы белгілі бір топтан аспайды. Соларға ғана бұйыра береді. Бұл халықтың ызасын тудыратыны түсінікті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Адамдар бизнестің барлық түрі неге бір адамдардың қолында деп ойлайды. «Біздің қай жеріміз кем»  деген сұрақ қояды. Гегельді Бабельмен шатастыратын, арнайы білімі жоқ адамдар бар, бірақ олардың қолында үлкен бизнес бар. Сонымен қатар, арнаулы курстарды бітірген білімді адамдар бизнес көздеріне, несие ресурстарына қол жеткізе алмайды. Бизнес дами береді, бұл депрессияны, осыдан туындайтын барлық әлеуметтік-экономикалық салдармен әділдікке сенбеуді тудырады.

Ел дамуының негізгі кілті – осы бизнесте. Бірақ, бұл салада кілтипан көп.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әртараптандырылған экономика құру міндеті әлі де өзекті. Бірде-бір тұрақты экономика қуатты өндірістік секторсыз тіршілік ете алмайды. Ондаған жыл ішінде ілгерілеу неге жоқ? Басты қателік - мұнымен мемлекет айналысты.

Алайда проблемаларды шешуге қыруар қаржы жұмсалғанмен, нәтиже аз. Бірлесе жұмыс атқарғанда ғана әлеуметтік тұрақтылық болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен Мемлекет басшысы ретінде саяси трансфромация және қоғамымызды жаңғырту саясатын жалғастыра беретін боламын. Сондықтан экономикалық реформалар бағдарламаларымен бірлесіп жұмыс істеу қажет. Нарықтық әлеуметтік бағдарланған және әртараптандырылған экономикаға көшу керек.

Реформаны теріс түсінудің қажеті жоқ. Біреудің бизнесіне қол сұғылмайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әлеуметтік жауапкершілік - жүйелі саясат болуы керек. Сөз болып отырған реформаның мақсаты - тартып алу немесе қайта бөлу емес екенін тағы да айтқым келеді. Бұл жауапсыздық болар еді. Үкімет пен бизнес нақты шаралар мен тетіктерді бірге әзірлеуі тиіс. Тағы да қайталаймын, бірге. Бизнес те, билік те ел болашағы үшін, жаңа Қазақстан үшін ортақ жауапкершілік арқалайды.

Алда экономикалық саясаттың жаңа сатысы тұр. Оны жүзеге асыруға бизнес қоғамдастық үлес қосуы тиіс. Ал кәсіпкерлердің құқығын бұзғандарға жаза қатаңдайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Кәсіпкерлер құқығын бұзу деректері әлі де бар. Былтыр прокуратура органдары кәсіпкерлердің лауазымды тұлғалардың іс-әрекеті мен шешімдерімен келіспейтіні туралы 2500-ден аса шағым қарады. Құқық қорғау органдарын коммерциялық субъектілер дауын пайдалану жағдайларын болдырмау жөнінде шаралар қолданған жөн. Егер мұндай жағдайлар анықталса, ең қатаң шаралар қабылдау қажет.

Президент Үкімет жанынан отандық кәсіпкерлер кеңесін құруды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Меніңше, мұндай орган бизнестің ойы мен идеяларын тікелей жеткізуге, шешімдердің кабинетте шешілуін төмендетуге мүмкіндік береді. Мен сіздермен жиі кездесуге дайынмын.

Тағы бір дерт – жемқорлық. Оған қарсы жүргізілетін саясат өзгереді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл құбылыстың себептерімен емес, салдармен күресуге баса мән беріледі. Сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жүйелі талдау, шенеуніктердің бизнеске және азаматтарға әсер ету мүмкіндіктерін азайту - бұл жұмыспен жаңа деңгейде байыпты айналысқан жөн.

Ал кәсіпкер тапқан табысын сыртқа тасымай, елде жұмсауы тиіс. Мемлекет инвестициялық міндеттерді толық орындайды. Есесіне оларға талап күшейеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Шетелдік инвестициялар үшін күрес шиеленіскен қазіргі жағдайда ішкі резервтерге барынша сенім артуымыз керек. Әңгіме отандық компаниялардың қаражаты туралы болып отыр. Болашағыңызды Қазақстанмен байланыстырсаңыз, онда өз қаражатыңызды елге қайта инвестициялауыңыз керек. Қазақстан алдындағы әлеуметтік және саяси жауапкершілігіңіз - осы. «Осында ақша табамын, басқа жақта жұмсаймын» деген қағидат бұдан былай жүрмейді.

Мемлекеттік сатып алуда шикілік көп. Бизнес иелері саладағы сыбайластыққа шағымданды. Тамыр-танысы арқылы басқаның жолын кесіп кететіндерге енді аяушылық жоқ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз неге бұл мәселені шеше алмаймыз? Жазалау керек. Қатаң жазалау керек, басқа жол жоқ. Әркім әртүрлі шарттар бойынша келіссөздер жүргізе алады. Шаруаларын рулық, достық байланыстар арқылы шешіп жатады. Мұны қою керек. Біз заманауи мемлекетке айналуымыз керек. Ал заманауи мемлекет деген не? Бұл – заң.

Саладағы мәселелерді шешуге Президент бір ай уақыт берді. Әсіресе, «Самұрық-Қазына» қорының сатып алуларына ерекше назар аудару керек екенін баса айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бір ай беремін және соңғы рет. Нәтиже болмаса қатаң шешімдер қабылданады. «Платон менің досым, бірақ шындық қымбат» формуласы мен үшін маңызды, мақсатты мәнге ие. Бұл барлық мәселеге қатысты.

Бизнесте білім мен икем қатар жүреді. Екеуінсіз алға жылжу мүмкін емес. Ал кәсіби кадр дайындау бізде әлі өзекті.

Тоқаев білім жүйесін толық реформа күтіп тұрғанын айтты. Дегенмен, бизнесмендер де алақан жая бермей, бұл бағытта бірлесе жұмыс істеуі тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Білікті кадрлардың, әсіресе, техникалық мамандықтар бойынша ұстаздардың жетіспейтініне шағымданғанша, неге ірі бизнес колледждердің қамқоршылық кеңесіне кіруге, жастарды тәжірибеден өтуге қабылдап, зертхана мен шеберханаларды жабдықтауға атсалыспайды.

Сосын кәсіпкерлер шетелден маман тартуға құмар. Президент мұны тоқтатуды талап етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен келесі мәселеге ерекше тоқталғым келеді. Жеке кәсіпкерлердің шетелдік жұмысшыларға арналған квоталарды кеңейту идеясын алға тартқанын дұрыс емес. Кейбір мамандар ғана сырттан керек. Елімізде жұмыс істейтін азаматтар, әсіресе жастар саны жеткілікті.

Бүлік кезінде бизнесі бүлінгендерді бөліп-жарудың қажеті жоқ. Көмек теңдей көрсетілуі керек.

Карантин де кәсіпке кедергі келтірмеуі керек. Шектеулер шағын және орта бизнестің шаруасын шатқаяктатпауы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қатаң карантин шаралары, әсіресе қызмет көрсету саласында қаншалықты ұтымды, олар қаншалықты нәтиже береді? Үкімет мұны қайта қарауы керек. Шағын және орта бизнесті тығырыққа тіреп, экономикада теңсіздік жасау кімге керек?

Президент сөз соңында ол үшін мемлекет мүддесі біреулермен жақсы қарым-қатынастан жоғары екенін ескертті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан, Республикасының Президенті:
Мен үшін мемлекет қызығушылығы біреумен жақсы қарым-қатынастан жоғары. Мемлекет үшін қажет болған жағдайда қиын шешімдер қабылдадым және болашақта да осылай жалғасады.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу