Парламент мәжілісі депутаттығына кандидаттардың партиялық тізіміне мүгедектігі бар адамдар да кіреді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Парламент мәжілісі депутаттығына кандидаттардың партиялық тізіміне мүгедектігі бар адамдар да кіреді

19.01.2022

Парламент мәжілісі депутаттығына кандидаттардың партиялық тізіміне мүгедектігі бар адамдар да кіреді. Осылайша олар еліміздегі қоғамдық және саяси процесстерге белсенді қатысуға мүмкіндік алады. Бүгін осы мәселе Мәжілістің жалпы отырысында талқыланып, депутаттық мандаттарды бөлуге қатысты заң жобасы мақұлданды.

Өскемендегі мүмкіндігі шектеулі әйелдердің қоғамдық бірлестігі ширек ғасыр бұрын құрылған. Бұл жерге жиналған жандар тігін цехында еңбек етеді. Бірақ, табыстан гөрі шығындары көп. Себебі ғимаратты жалға алып отыр. Тұрақты тапсырыс болмағандықтан, кейде мүлде жұмыссыз отырады.

Күлзипа Құниярова, Қоғамдық бірлестік төрайымы:
Бізді өнеркәсіптік ұйым дейді. Қазақтелеком байланыс үшін үлкен мекеме сияқты алады. Жылу жүйелері өндірістік нысан деп қарайды. Сонда біздің барлық төлемдеріміз ірі компаниялармен теңестірілген. Ал былай алғанда мемлекеттік сатып алуға кіре алмаймыз.

Енді ерекше жандар өздерінің осындай өзекті мәселелерін Парламентте айтып, оларды заң арқылы шешу жолдарын ұсына алады. Партиялық тізімге әйелдер және жастармен қатар, мүгедектігі бар адамдарды міндетті түрде енгізу көзделген. Әділет министрлігі тиісті заң жобаларын әзірлеген. Арнайы талдау жүргізіп, ерекше қажеттілігі бар жандар партиялық жұмысқа да, саяси процесстерге де қатысуға дайын екенін анықтапты.

Қанат Мусин, ҚР Әділет министрі:
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мүдделі органдар да біздің мүгедектеріміздің партиялық жұмысқа дайын болмауы туралы күмән келтірген жоқ. Сондай-ақ, мүгедектігі бар адамдардың парламент мәжілісі депутаттығына кандидатурасын қарау туралы министрлікке жүгіну фактілері бар. Ереше қажеттілігі бар адамдардың қазіргі таңда заң шығару жұмысына дайын деп санаймыз.

Қазір 700 мыңға жуық қазақстандықтың мүгедектігі бар. Бұл халықтың 3,7 пайызы. Соңғы жылдары еліміз олардың құқығын қорғау жағынан едәуір ілгері жылжыды. Енді ерекше қажеттілігі бар адамдар биліктің заң шығарушы тармағына тартылмақ. Бұл саяси жүйені дамытудағы маңызды кезең.

Снежанна Имашева, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты:
 Заң жобасы мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын одан әрі кеңейтуге, олардың қажеттіліктерін қазақстандық қоғам өмірінің барлық салаларында басқа азаматтармен тең іске асыруға бағытталған аса маңызды өзгерістердің бірі.

Парламент мәжілісі депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін бекіту кезінде әйелдер, 29 жасқа толмаған азаматтар және мүгедектігі бар адамдарға 30 пайыздық квота ұсынылады. Депутаттар сайлау және саяси партиялар туралы заңдарға өзгеріс енгізу жөніндегі заң жобаларын мақұлдап, Сенат қарауына жіберді.


Хабарламаларға жазылу