ОСК дауыс беру парақшаларының үлгісін жариялады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОСК дауыс беру парақшаларының үлгісін жариялады

04.03.2023

Көк, жасыл, қызыл, сұр. Апта басында Орталық сайлау комиссиясының мүшелері дауыс беру парақшаларының үлгісін жариялады. Түрі де, түсі де, көлемі де өзгерген. Саяси науқан кезіндегі дауыс беру тәртібі мен сізге керек деректі әріптесім Асылбек Данияр назарларыңызға ұсынады.

Асылбек Данияр, тілші:

Парламент Мәжілісі мен мәсихат депуттаттарының сайлауына 16 күн қалды. Орталық сайлау комиссиясы саяси науқан кезінде дауыс беруге құқығы бар азаматтардың санын жариялады. Тізімде 12 миллионнан аса адам бар.

Саяси дода бәсекеге толы болмақ. Бұл жолы кандидаттар тек партиялық тізіммен ғана емес, мажоритарлық жүйемен яғни өзін-өзі ұсынып қатысып жатқандарда бар. Сәйкесінше, бюллетень саны да көп болады.

Бірінші – көгілдір түсті дауыс беру парақшасы. Онда жеребеде нақтыланған тәртіппен саяси партиялардың атауы және «бәріне қарсымын» бағаны көрсетіледі.

Екіншісі – жасыл түсті бюллетень. Онда бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттардың тізімі болады. Үміткерлердің аты-жөні әліпби тәртібімен орналастырылады. Талап бойынша мұнда тек 16 адамның тізімі және «бәріне қарсымын» пункті бар.

Үшіншісі – қызылкүрең сайлау парақшасы. Мұнда облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың мәслихаттары депутаттығына түсетін партиялар тізімі және «бәріне қарсымын» бағаны көрсетіледі.

Төртіншісі - Қызғылт сары түсті бюллетент. Ол бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын мәслихат депутаттығына кандидаттар тізімі мен «бәріне қарсымын» пункті бар парақша.

Бесіншісі – сұр түсті сайлау парақшасы. Ол тек облыстық маңызы бар қалалар мен аудан тұрғындарына беріледі. Бюллетеньде жергілікті мәслихат депутаттығына кандидаттар тізімі мен «бәріне қарсымын» бағанасы бар.

Сонымен, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астана тұрғындарына 4 бюллетеньнен. Облыстық маңызы бар қалалар мен аудан сайлаушыларына 5 бюллетеннен беріледі. Бұл жолы сайлау парақшаларының көлемі өзгерді, А5 форматында болады.

Ал, дауыс беру учаскеңізді экранда көрсетілген сайттар мен мессенджерлерден көре аласыз. sailau.gov.kz, egov.kz, telegram, Ikomek, 109 call-орталығы, жергілікті жеріңізді сайтынан біле аласыз. Тек ЖСН болса болғаны. Одан бөлек, Цифрлық даму министрлігі сайлаушыларға SMS тарататын болады. Саяси науқанға сіз де үн қосып, өз таңдауыңызды жасаңыз. Әр дауыс маңызды.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу