«Ресей Украинаға кез келген уақытта шабуылдауы мүмкін». Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псаки осылай деп мәлімдеді.
Құрама Штаттарды Ресейдің Украинамен арадағы шекарада 100 мыңдай жауынгерді шоғырландыруы алаңдатып отыр. Бұдан бөлек, Ресей бірлескен әскери жаттығу өткізу үшін өз жауынгерлері мен әскери техникасын Беларусьпен арадағы шекараға аттандырды.
Айта кетсек, Мәскеу мен Минск ортақ әскери маневрларды өткізіп жатыр. Соғыс ойындары кезінде сыртқы агрессияға тойтарыс беруге дайындық пысықталады. Жаттығу ақпанның 20-на дейін жалғасады. Батыс елдері болса, Ресей бұл маневрларды Украинаға басып кіру үшін пайдаланады деп қауіптенеді. Дегенмен Кремль мұны үнемі жоққа шығарып келеді. Ал Жұма күні АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Женевада Украина мәселесіне қатысты келіссөз өткізбек.
Арай Төлегенқызы