Бүгін жаңа Үкіметтің алғашқы отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін жаңа Үкіметтің алғашқы отырысы өтті

12.01.2022

Бүгін жаңа Үкіметтің алғашқы отырысы өтті. Әлихан Смайылов бастаған министрлер кабинетіне Мемлекет басшысы ауқымды міндеттер қойған. Парламент Мәжілісінің отырысында Президент әр саладағы олқылықтарды атап, нақты тапсырмалар берді. Бүгін ведомства басшылары төтенше жағдайдан кейінгі ахуалды баяндап, алдағы жоспарларға тоқталды. Тақырыпты тілші тарқатады.

Жаңа жылдағы жаңа Үкіметтің алғашқы отырысы. Президенттің берген тапсырмаларын іске асыру шараларына кіріспес бұрын жаңа тағайындалған министрлер ант берді. 2022 жылға арналған Үкімет жоспары өте ауқымды және үш аптаның ішінде дайын болуы тиіс.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
Біздер Үкіметтің жаңа құрамы халықтың өмір сапасын жақсартуға, пандемияны еңсеруге, еліміздің жаппай дағдарыстан шығаруға, ланекстер келтірген зиянды түзеуге бар күш жігерімізді салуымыз керек.

Жиында көтерілген мәселенің бәрі маңызды. Десе де түбі төтенше жағдайға алып келген газ мәселесі басты назарда. Оған байланысты екі бұйрық шықты. Қабылданған жедел шаралардың бірі – сұйытылған газ бағасы 50 мен 75 теңге аралығында бекіді. Бұл мараторий 180 күн, яғни жарты жыл күшінде болады. Сонымен қатар сұйытылған газды электронды алаңда сату бір жылға шегерілді.

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:
Біріншісі ол 2023 жылға дейін сауда-саттық қағидаларын тоқтата тұру бойынша бұйрық. Оған сәйкес Энергетика министрлігі сұйытылған газды электронды сауда-саттықсыз өткізетін болды. Екіншісі ол бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бекіткен бөлшек саудадағы шекті бағаларға сәйкес келтіру үшін сұйытылған газ бағасын төмендету.

Газ бағасының өсуін мамандар былай түсіндіреді. Әлдемде газға деген сұраныс 57 пайызға артып кеткен. Себебі экологияға зияны аз. Былтыр елде газбен жүретін 127 мың көлік болса, биыл оның саны 330 мың. Ал сұраныс көбейген сайын нарықта баға да өсетіні заңдылық. Сарапшылар бағаны тұрақтандырудың үш жолын айтты. Алғашқысы «Қазгазды» жеке алып шығу, яғни «Қазмұнайгаз», «Самұрық Қазынаға» бағынбай, Үкіметпен тікелей жұмыс істеу. Екінші, сыртық нарықта газ бағасы ішкі нарыққа қарағанда төрт есе қымбат. Соны теңестіру. Үшінші...

Рашид Жақсылықов, Қазақстан мұнай-газ саласына қызмет көрсету компаниялар одағының төралқа төрағасы:
Даудың басы газ болғандлықтан қымбаттатпайтын шығар. Бірақ 2 жылдың ішінде орталық, шығыс, орталық қазақстанда газ өңдейтін ірі зауыт салмаса біз бұл мәселеге қайта келеміз. 2020-2021 жылы үш есе көтерілді. Ал 2025 жылы қанша есе артатынын білмейміз.

Сондай-ақ, жанар-жағармай бағасын реттеуде, оның акциздік мөлшерлемелері қайта қаралады. Бензин мен дизель бағаларын мемлекеттік реттеуді белгілеу, мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізуге шекті бағаларды бекіту бойынша тиісті бұйрықтар қабылданды.

Жиында азық-түлік бағасын қалай реттейміз деген мәселе де көтерілген. Бұған Бақыт Сұлтанов экпортты шектеу керек деген ұсыныс айтты. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында, Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жобасы аясында, импортты алмастыру жөніндегі іс-шаралар кешені көзделген.

Саламат Омаш


Хабарламаларға жазылу