Жамбыл облысында 400-ге жуық бүлікші ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында 400-ге жуық бүлікші ұсталды

12.01.2022

Жамбыл облысында тіршілік қалыпты күйге оралып, ахуал жергілікті биліктің бақылауына алынған. Алайда, ұсталған бүлікшілердің саны күн санап артуда.

Өңірдегі жаппай тәртіпсіздікке қатысушылардың саны шамамен 2 мыңға жуық екендігін алдыңға ақпараттарда айтқан едік. Соңғы мәліметтерде олардың 400-ге жуығы ұсталғандығы белгілі болды, бүлікке қатысушылардың басым бөлігі 17-25 жас аралығындағы жастар екендігі анықталды. 287 адам түрлі жарақат алған, оның 42-сі ауруханаға жатқызылған. Жедел операциялар нәтижесінде ұсталғандардың 31-і соттың шешімімен қамауға алынып, қылмыстық іс қозғалды. Ұсталғандардан 84 дана қару-жарақ тәркіленді. Олардың 142-іне әкімшілік іс қозғалған. Шығын мөлшерін есептеу бойынша арнайы комиссия құрылды. Алдын-ала есеп бойынша жалпы облысқа келген шығын көлемі шамамен 7,6 млрд теңгені құрайды. Облыс аумағында автокөлік, әуе, темір жолдары ашық. Коммуналдық қызмет көрсету мекемелері штаттық режимде жұмыс істеуде, сұйық отын қоры жеткілікті. Медициналық мекемелер, азық-түлік дүкендері, базарлар мен жанармай бекеттері қалыпты жағдайда жұмыс атқаруда. Азық-түлік, дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Баға тұрақтылығы күнделікті бақылауда. Өңірде қоғамдық тыныштықты сақтау бойынша жергілікті билік пен ерікті халықтың, қоғам белсенділерінің бірлескен жұмысы жалғасуда. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстарына облыс бойынша 5000-ға жуық құқық қорғау органдары мен әскерилер және 275 арнайы техника жұмылдырылған.


Хабарламаларға жазылу