«Қазақстан халқына» қорының қаржысы әлеуметтік, мәдени қызметтің түрлі бағытын, атап айтқанда денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет, әлеуметтік инфрақұрылым, тәртіпсіздік салдарын қалпына келтіру және қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасын қолдауға жұмсалады. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. Ведомства басшылары тағы қандай мәселелерге тоқталды?
Жаңа жылдағы жаңа Үкімет құрамының алғашқы отырысында жаңадан тағайындалған министрлер ант берді. Кешегі өткен Парламент Мәжілісінің отырысында Президент бірнеше нақты әрі күрделі тапсырма берген болатын. Үкімет енді үш аптаның ішінде 2022 жылға арналған бағдарлама дайындауы керек. Ведомства басшылары әзірге төтенше жағдайдан кейінгі атқарылып жатқан жұмыстар мен қысқа мерзімді жоспарларды таныстырды.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров халықтың табысын арттыру бағдарламасы әзірленетінін айтты. Ол үшін пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықтың қосымша мөлшерін есептеу тетігін белгілеу ұсынылады. Екіншіден, мұнай өнімдерін өндірушілер мен жеткізушілер тізбегінен маржаның бір бөлігі алынады.
Жалпы Үкіметтің экономикалық саясаты ең алдымен халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталады. Мемлекеттік активтерді басқару тәсілдері қайта қаралады. Бақыт Сұлтановтың сөзінше, шекті бағалар тетігі де қайта қаралады. Азық-түлік бағасы инфляциясын тежеу мәселесі де айтылды. Қажет болған жағдайда экспорттық шектеу жөніндегі іс-шаралар уақтылы қабылданады. Қазірдің өзінде мал мен көкөніс экспортына тыйым салынған.
Ерболат Досаев елден заңсыз жолмен ақша шығаруға қатысты қандай жұмыстар атқарылып жатқанын да айтты. Оның сөзінше, 10 қаңтарда елден заңсыз ақша шығаруды бақылауды күшейту бойынша бұйрық қабылданған. Оған сәйкес, көрсетілген талаптар бұзылған жағдайда заңсыз ақша шығару операциялары жедел тоқтатылады.
Әлихан Смайылов Үкімет отырысында Қарулы күштер мен барлау құрылымдарын реформалау бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Арнайы бөлімшелердің әскери қызметшілерінің табысын арттыру, әскерді көлік авиациясымен, қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтандыру мәселесін пысықтасын», - деді.
Ел Үкіметтен нақты нәтиже күтіп отырғаны белгілі. Премьер-министр Әлихан Смайылов үкіметтің алдында тұрған міндеттерді де атады. Олар бүгінгідей күрделі кезеңде халықтың өмір сапасын жақсартуға, экономика өсімін сақтауға және пандемияны еңсеруге, келтірген шығынды қалпына келтіруге, елімізді жаппай дағдарыстан шығаруға бағытталған. Үкімет отырысында айтылған басқа да маңызды мәселелерді қорытынды ақпаратта таратып айтамыз.