Бүлік кезінде қираған нысандар мен мүліктер жақын арада қалпына келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында осылай деді. Зардап шеккен бизнес иелері қолдаусыз қалмайды. Кәсіпкерлікті дамыту - маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Бизнестегі бюрократияны азайту бойынша заңды Үкімет іс жүзінде пайдалануы керек. Лаңкестер қолынан қаза тапқан күштік құрылым қызметкерлерінің отбасыларына, әлеуметтік қолдау толық жасалады. Қорғаныс пен құқық қорғау саласы жан-жақты реформаланып, сала заман талабына сай жарақталады. Ішкі және сыртқы көші-қон процесі реттеледі. Шекара шебіндегі күзет күшейтіледі. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жұмысы тексеріліп, қызметі жүйеленеді. Президент сондай-ақ, жарты жылдан бері жанар-жағармай бағасын қолдан реттеуге мәжбүр екенімізді айтып, бас прокуратураға Энергетика министрлігімен бірлесе, кешенді ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Еліміз душар болған ауыр қасіреттің себептерін саралап, оның салдарына нақты баға беру алдымызда тўрған өте маңызды міндет. Жыл басынан бері орын алған барлық жағдайлар бір тізбек деуге негіз бар. Ашығын айтсақ, бұл бірнеше жыл бойы алдын ала ойластырылған зұлымдықтың көрінісі.