Президент Қ.Тоқаев 5 қаңтарда елдегі тәртіпсіздікті сыртқы күштердің агрессия актісі деп атап, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан көмек сұрағанын мәлімдеді. Мүшелігіне бізден бөлек, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей мен Тәжікстан кіретін ұйымның Кеңесі бітімгерлік миссиясын жіберуге сол күні-ақ келісім берді.
6 қаңтарда одақтас елдерден десантшылар жеткені хабарланды. Олар содан бері стратегиялық нысандарды күзетуге көмектесіп келеді. Олар тек күзетпен айналысады және көп болмайды. Стратегиялық маңызды нысандарға содырлардың оп-оңай кіргені, тіпті күзеттің болмағаны рас, Президент айтпақшы, сараптайтын дүние көп.
Дәл осы тұста Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовтің қамауға алынғаны туралы еске саламыз. Онымен қоса бірнеше адам деген, ҰҚК хабарламасында. Бірақ нақты кімдер екені айтылмайды. Мемлекетке опасыздық жасады деген айып тағылған.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскері не үшін әкелінгені туралы Данияр Қайыртай жалғастырады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Өздеріңізге мәлім, ҰҚШҰ-ның жарғылық құжаттарының негізгі ережелеріне сәйкес Қазақстан конституциялық тәртіпті ретке келтіруге көмек беру үшін Ұйымға мүше мемлекеттердің басшыларынан біріккен бітімгерлік күштерін енгізуді сұрады. Бітімгерлік күштер еліміздегі стратегиялық нысандардың қорғалуын және қызметін қамтамасыз ету үшін қысқа мерзімге келді.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше елдер бұған дейін де бірлескен күштің көмегіне жүгінген.
Қырғызстан /2010, сәуір/. Мысалы, 2010 жылғы сәуірде Қырғызстандағы төңкеріс кезінде Құрманбек Бакиев Беларусия президенті Александр Лукашенко арқылы Ұйым әскерін кіргізуді сұратқан. Бірақ бұл ресми сұраныс болмағандықтан, Ұйым әрекет ете қоймады.
Қырғызстан /2010, маусым/. Содан бірнеше ай өткен соң қырғыздың жаңа билігі ресми түрде көмек сұрайды. Ол кезде Джалал-Абад пен Ош облыстарында қырғыз-өзбек қауымы арасында қақтығыстар болып жатқан. Бұл елдің ішкі мәселесі болғандықтан, жарғы бойынша ҰҚШҰ әскерін кіргізу мүмкін болмады.
Армения /2020, қараша/. 2020 жылы Армения мен Әзірбайжан Таулы Қарабақ үшін соғысып жатқанда Кремль бірден айтты: Қарабақ жеріне ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт әрекет етпейді, ал Арменияның өзіне ешкім шабуыл жасап жатқан жоқ.
Алматы. Ал біздің жағдай бөлек. Мемлекетке шетелде дайындықтан өткен лаңкестер шабуылдады. Бұл Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының тарихында алғашқы бітімгерлік операциясы.
Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:Бұл банда. Уахаббист, салафистер. Нақты бағасы - осы.
Дәурен Абаев, ҚР Президенті әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары:Террористер сапында арнайы винтовкасы бар мергендер болды. Бақылау камераларын, байланыс пен аудиобейне жіберуші құрылғыларды олар сындырды. Олар негізінен тәртіп сақтау қызметкерлерін нысанға алған. Тіпті бір жас курсанттың басын кесіп алған оқиға тіркелді. Қазір 18 қызметкер қайтыс болғаны туралы дерек белгілі. Басында күш жеткіліксіз болды. Бірнеше өңірде жағдай күрделі болғандықтан, қосымша күш тарту қиындық туғызды.
Негізі Ұйымның жедел әрекет ету ұжымдық күшінің саны 18 мыңға жуық. Бірақ көмекке оның бәрі келіп жатқан жоқ. Тек 2 жарым мың қарулы күш тартылды. Әскердің басым бөлігі – Ресейден. Беларусиядан жеткен қарулы күш саны – 100-300 арасында. Ал Армения – 70, Қырғызстан – 150, Тәжікстан – 200 сарбазын жіберетіні хабарланған. Қазақстан билігі мен ұйым басшылығы ұжымдық күш әскерилері тек стратегиялық нысандарды, маңызды инфрақұрылымдарды қорғайтынын, антитеррористік операцияға қатыспайтынын мәлімдеді.
Дәурен Абаев, ҚР Президенті әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары:Бұл бітімгерлік миссиясы. ОДКБ әскері әскери қимылдарға қатыспайды. Террористерді жоюмен айналыспайды. 6 қаңтарда қаланы тазарту операциясын Қорғаныс министрлігінің әскери бөлігі, Арыстан, Арлан, Бүркіт бөлімшелері атқарды. Сонымен бірге, ұйымның бітімгершілік миссиясы қорғау және күзету қызметін орындайды. Операция нәтижесінде, қаладағы барлық әкімшілік ғимараттар террористерден тазартылды.
Шахрат Нұрышев, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары:Уақытша келді. Көмектеседі де кетеді.
Владимир Зайнетдинов, Ұжымдық Қауіпсіздік Туралы Шарт Ұйымының баспасөз хатшысы:Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің басты мақсаты бейбітшілік. Арнайы жасақ Қазақстанға алауыздық тудыру үшін емес,ел тыныштығын күзету үшін келді. Артық әрекетсіз нақты тапсырма бойынша жұмыс жасайды. Бәрі аяқталғаннан кейін елге оралады.
Лаңкестерге қарсы операция кезінде 3 мың әскери жарақат алған. Әзірге 16 жауынгер қаза тапқаны белгілі болып отыр. Опат болған кей жауынгерлердің есімі жария етілді.
Ертең – жалпыұлттық аза тұту күні. Одан кейін айналысатын мәселе мынау:
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Құқық қорғау органдары мен армияның іс-қимылына, сондай-ақ олардың ведомствоаралық үйлесіміне қатысты анықтайтын мәселе көп. Арнаулы жасақтың, арнаулы құрал-жабдықтардың жетіспейтіні белгілі болды. Осы мәселелерді шұғыл түрде шешуіміз керек. Содырлардың терракт жасау туралы жымысқы жоспары мен жасырын дайындығын мемлекет қалайша білмей қалғанын анықтап, түсіну аса маңызды.
Данияр Қайыртай