Зардап шегуші: Үйімнің төріне қос граната түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зардап шегуші: Үйімнің төріне қос граната түсті

09.01.2022

«Үйімнің төріне қос граната түсті»- дәл осылай біздің арнамызға хабарласқан Алматылық зардап шегуші Юлия Низамова көмек сұрады. Оның айтуынша, тұрып жатқан пәтері бүлік болған алаңнан 500 метр қашықтықта орналасқан. Үрейленген отбасы киімдерін жинап, енді кетпек болғанда 1 граната терезені тесіп, төрге түседі. Лезде түтін шығып, бөлмені алып кетеді. Артынша екінші гранатаның жерге түскенін байқайды. Осы арада жиюлы тұрған киімдерін алып қашып үлгереді. Байланыстың уақытша істен шығуына байланысты тиісті органдарға хабарласа алмапты. Алайда біз, кімге хабарласу керегін айтып, шұғыл байланыс нөмерін зардап шегушіге бердік.

Юлия Низамова, зардап шегуші:

Көзбен көрген оқиғаны сөзбен айтып жеткізу қиын. Әлі күнге дейін қорқып тұрмын. Отбасында 5 адамбыз. Бүлік басталған 1-ші күні пәтерімнен 4-5 метр қашықтықта қолдарына таяқ ұстаған 25-30 жас шамасындағы жігіттер тұрды. Бірақ оларда суық қару болмады. Әрлі-берлі жүріп, алдынан не кездеседі соны алып лақтыра берді. Содан бері терезеге қарауға қорқамыз. Қазір жанашыр жандардың үйіндеміз. Ешқайда шықпаймыз. Арасында оқ атылған дауыстарды естіп, бәрі жақсы болса екен деймін.Тезірек үйіме оралғым келеді.


Хабарламаларға жазылу