«Қазгидромет»: Алматылықтар Жаңа жылды қарсыз қарсы алуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазгидромет»: Алматылықтар Жаңа жылды қарсыз қарсы алуы мүмкін

23.12.2021

Алматыға көктем қайта оралды. Қалада күн күрт жылынып, ел-жұрт сырт киімін шешіп тастап жүр. Нұр-Сұлтанда да ауа райы әдеттен жоғары. Сынап бағанасы 0 градусты көрсетіп, қар еріп, жауын-шашын жауып, көктайғақ болды. Мамандар мұндай құбылыс соңғы 10 жылда болған емес деп отыр.

Жұрағат Баман, тілші: 

Алматыда + 14, Нұр-Сұлтанда -1 градус. Қыстың күні ауа райының жылығаны қуантады әрине. Десе де оның кемшін тұстары бар. Кеше жауған жаңбыр бүгін көктайғаққа айналды. Салдарынан бас қалада жол-көлік апаты көбейді.

Нұр-Сұлтанда тәулік ішінде 93 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Автомобильдер майысқанмен, жүргізушілер мен жолаушылар зардап шеккен жоқ. «Қала көшелерінде қар тазалау жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Осы ретте көлікті жол жиегінде қалдырмай, қоғамдық көлік қозғалысына, қар тазалау техникасының жұмысына кедергі келтірмелеріңізді сұраймыз» - деген хабарлама да таратылды.

Бауыржан Тоқжұманов, Нұр-Сұлтан қаласының ПДӘП басқармасының бөлім бастығы:

Ауа райының қолайсыздығына байланысты жүргізушілерді жылдамдықты асырмауын, жаяу жүргіншілерден арнайы жерлерден ғана өтуді сұраймыз. 

Ал Алматыда ауа райы күрт жылынды. Қалада күндіз температура +14 градусқа дейін көтеріліп тұр. «Қазгидромет» мамандарының болжамынша, Жаңа жылды алматылықтар қарсыз қарсы алуы мүмкін. Тек жаңбыр аралас қар жауады деп күтіледі.

Дәулет Кисебаев, «Қазгидромет»  РМК Алматы филиалының метеорологиялық болжау бөлімінің басшысы:

Жауын-шашынның болуы 26-27 желтоқсан күндері деп болжануда. Ал қалған күндері жауын-шашын болмайды. Жауын-шашын қаңтар айының басында болады деп болжанып отыр.

Алматыда соңғы аптада күн райының жылынғаны сонша, тұрғындар көктем мезгілімен салыстырып жатыр. Айтуларынша, қалада соңғы 10-15 жылда мұндай ауа райы болмаған.

Жұрағат Баман

Хабарламаларға жазылу