Нидерландыда «Омикрон» штамының өршуіне байланысты қатаң локдаун жарияланды. Карантин шаралары жексенбіден бастап күшіне енді. Ол қаңтардың ортасына дейін созылады. Осыған орай күллі ел аумағында дүкендер, мейрамханалар, бар, мектептер, жаттығу залдары мен өзге де қоғамдық орындар жабылды. Тұрғындарға мүмкіндігінше үйде отыруға кеңес берілді. Сонымен бірге үйге қонақ шақыруға да тыйым салынған. Жаңажылдық жәрмеңкелер де өтпейтін болды.
«Омикрон» штамы тез тарап жатыр
Ұлыбританияда да «омикронға» байланысты эпидахуал ушықты. Мұнда үш күн қатарынан вирус жұқтырғандардың саны бойынша антирекорд орнап отыр. Өткен жұмада коронавирусқа шалдығудың 93 мың фактісі тіркелген. Денсаулық сақтау саласына түскен салмақты жеңілдету үшін Лондон мэрі қалада төтенше жағдай режимін жариялады. Бұл пандемиямен күресті тиімді ету үшін қолға алынып отыр.
Арай Төлегенқызы