Белгілі тарихшы Талас Омарбеков дүние салды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Белгілі тарихшы Талас Омарбеков дүние салды

07.12.2021

Алматыда белгілі тарихшы Талас Омарбеков 73 жасында қайтыс болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі қоғам қайраткері, ғалым-ұстаз, тарих ғылымдарының докторы, профессордың қазасына байланысты отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады. «Ол - бүкіл түркі дүниесін, ұлтымыздың шежіресін, Орталық Азия халықтарының өркениетке бет алған көшпелі мәдениетін терең зерделеді», – делінген жеделхатта.

Талас Омарбеков - Мұхамед Хайдар Дулати мұраларын, орта ғасырлардағы тарихи тұлғаларды ұлттық көзқараста зерделеп, қазақ тарихын кезеңдеудің теориялық-методологиялық мәселелері бойынша іргелі пайымдар жасаған ғалым. Оның артында «Қазақ шаруаларын меншігінен айыру және күшпен ұжымдастыру», «20-30-жылдардағы Қазақстан қасіреті», «ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихының өзекті мәселері», «Қазақстан тарихына және тарихнамасына ұлттық көзқарас» сияқты іргелі еңбектері қалды. Өмірінің соңғы сәтіне дейін былтыр қарашада құрылған «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау« жөніндегі мемлекеттік комиссияның құрамында жұмыс істеп, Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстар мен көтерілістерді анықтау, тарихи баға беру мәселесімен айналысты.

Берекет Кәрібаев, тарих ғылымдарының докторы:

Жалпы, Талас Омарбеков бүкіл ғұмырын тек бір ғана салаға - ғылымға, оның ішінде тарихқа арнаған адам. Оның қаламынан сегіз жүзден аса ғылыми жұмыстар жарық көрді. Мен айтар едім: Талас Омарбековтың бірде-бір күні тарих ғылымынсыз өткен жоқ. Ғылымға қалай берілді, сол ғылыммен өтті.


Хабарламаларға жазылу